Алдағы жұмыстар нақтыланды
Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ төрағалығымен аудан əкімдігінде кеңейтілген аппарат жиыны өтті. Ағымдағы сипаттағы жəне стратегиялық маңызы бар сан қырлы сауалдар талқыға түскен басқосуға аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов қатысты. Сондай-ақ, бұл жиынға аудан əкімінің орынбасарлары, аудандық деңгейдегі мекемелер мен бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысып отырды. Кенттер мен ауылдық округ əкімдері ZOOM платформасы арқылы бейнебайланыста болды.
Алдымен, аудан басшысы Аманжол Батырбекұлы үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыстар туралы мəліметтерді жан-жақты əрі сараптамалық сипатта алға тартып, аудан көлемінде жүргізілетін жұмыстарға қысқаша шолу жасады. Əсіресе, электр жарығы, ауызсу жəне басқа да түйткілді мəселелерге қатысты түсініктеме берді.
Күн тəртібіне шығарылған алғашқы мəселе бойынша 2023 жылғы қаржының игерілу қорытындысы туралы аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек баяндама жасады. Аудан əкімінің орынбасарының айтуынша, аудандағы бөлім басшыларының біразы берілген қаржыны жыл соңына дейін игере алмаған екен. Осы орайда, аудан əкімі Аманжол Мырзабеков қаржыны толық игере алмаған бөлім басшыларын қатаң сынға алды. Əрқайсысын жеке-жеке орнынан тұрғызып, қаржыны игере алмауының себебін сұрады. Бұдан кейін аудан əкімінің орынбасарлары Аян Əбжамалов, Алмат Сакипов 2024 жылға арналған жұмыс жоспарларымен таныстырды. Алдағы жылғы атқарылатын жұмыстарда жиында егжей-тегжейлі талданып, талқыланды.
Жиын соңында ағымдық негіздегі өзге де мəселелер қаралып, мекеме, бөлім басшыларына, кент, ауыл əкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктелді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.