ҚАЙТА ТҮЛЕГЕН ҚАРАШАҢЫРАҚ
Ұлытау – қазақтың қарашаңырағы, ұлттың ұясы.
Жасыратыны жоқ, көне дәуірлерден бері ұлы мұратқа ұран тастап, ұлт тағдыры талайлы күй кешкенде ұлы істерге ұйытқы болған қастерлі мекен Ұлытаудың ұнжырғасын түсіріп алған кездеріміз де болды. Ширек ғасыр бойы (1997 жылдан бері) облыс дәрежесінен айырылып, қашықтығы 550 шақырым болатын Қарағандыға қарайлап қалған қайран қарашаңыраққа қайта түлеп, қарышты қадам жасайтын да шақ туды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ Жарлығымен қайта құрылып, Ұлы Даланың Ұлытауында ұлы дүбір басталғалы да бір жыл өте шығыпты. Аз да, көп те емес. Тура бір жыл. Аз дейін десең, тұтас ғасырға жүк болар ауқымды жобалар қолға алынды. Көп дейін десең, ширек ғасыр қаңтарылған көштің тот басқан дөңгелегін соқпаққа салу оңайға түскен жоқ. Дегенмен, Ұлытаудың тамырына қан жүгіріп, келбеті ажарланып қалды. Қарашаңырақ қайта түледі!
Жаңа Қазақстанның жаңа келбетті Ұлытауының бір жылғы тынысына шолу жасап көрелік…
КЕШЕНДІ ЖОСПАР – КЕМЕЛДЕНУ КЕПІЛІ
Ұлытау облысының дамуы – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ұдайы назарында. Облыс мәртебесі қайтарылғалы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлытау өңіріне арнайы жұмыс сапармен бірнеше рет келіп, жаңа облысты дамыту бағыттарын таразылады. Үкімет басшысы да, салалық министрлік басшылары да жиі келіп, Ұлытауды еңселендіру жобаларын пысықтап жүр.
Бюджет жеткілікті мөлшерде жоспарланды. Алғашында қаржыландыру мәселесінде кідірістің болғаны жасырын емес. Үлкен үйден отау шыққандай керек-жарағымызды түгендеп, «үш жылдық бюджет» бағдарламасы негізінде кешегі күнге дейін құрамында болып келген Қарағанды облысынан еншімізді бөліп, есебімізді жүргізгенше де қаншама уақыт өтті. Сонда да, кенжелеп қалған өңірді дамытудың кешенді бағдарламасы қабылданып, қаржыландыру тетігі сол бойынша қолға алынды.
Басты мәселе өңір экономикасына инвестиция тарту екенін ескерсек, бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып, алғашқы кезең нәтижелері көзге көріне бастады. Мәселен, біз сөз етіп отырған кешенді жоспар аясында аймақ экономикасын еңселендіру үшін қажетті сомма – 1,8 трлн. теңге. Дәл осы 1,8 трлн. теңге инвестиция игілігі көзделген кешенді бағдарлама кемел келешекке кепіл болғалы тұр. Мұның ішінде 351 млрд. теңге – республикалық бюджеттен, 147 млрд. теңге – жергілікті бюджеттен. Қалған 1,3 трлн. теңге – жеке инвестиция. Яғни, отандық өндірістің қос алыбы «Қазақмыс» пен «Казцинк» компаниялары Ұлытау облысын қолтығынан демеп, аяғынан тік тұрғызуға қаржы құяды деген сөз.
Бұл мақсаттағы жобалар бойынша аталған компания басшыларымен келісім жасалып, облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы отандық өндіріс алпауыттарымен облыс әкімдігі арасындағы маңызды құжаттарға қол қойып та үлгерді. Өңір экономикасының үлкен эшалоны орнынан қозғалды. Жобалар сәтті жүзеге асатын болса, Ұлытау ұлттық экономиканың эталонына айналады!
Жасыратыны жоқ, «Үш қала, екі ауданмен құрылған облыстың келешегі қалай болар екен?» деген күдік пен күмән де болды. Соңғы жылдары ажары тайып, базары тарқауға шақ қалған Жезқазған аймағының қордаланып қалған проблемасын облыстық мәртебе алу арқылы шешу дегеннің өзіне халық сеніңкіремегені де рас. Бірақ, Президент тапсырмасына сәйкес Үкіметтен қолдау тапқан жобалар Ұлытау облысын ұлы істерге бастағалы тұр.
Өңірді дамыту жоспары ресми жарияланды. Қызу талқыланып жатыр. Мен бағдарламаның бағыттары мен тармақтарына тоқталып, облыс құрылған күннен бері сүйіншілеп жатқан цифрлармен бастарыңызды қатырғым келмейді. Ең бастысы, елдің күткенін еңсерер бағдарлама әзірленді. Жаңа облыста ондаған жаңа жобалар қолға алынады. Кешенді жоспарда экономиканың барлық саласы бойынша іргелі жобалар қамтылған. Ұлытау туризмін тұғырландыруға қыруар қаржы бөлінбек.
✓ Бұл жоба – мыңдаған жұмыс орны!
✓ Бұл жоба – қайтарымы бар инвестиция!
✓ Бұл жоба – халықтың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеру!
✓ Бұл жоба – қарқынды құрылыс, қолайлы баспана!
✓ Бұл жоба – сапалы ауыз су, тақтайдай жол!
✓ Бұл жоба – жаңа мектеп, еңселі емхана!
✓ Бір сөзбен айтқанда, Ұлытауды ұлы істер күтіп тұр! Сәт сапар, Ұлы Даланың Ұлытауы!
«ҚАЗАҚМЫСТЫҢ» ҚАЙЫРЫ
Облыс әкімдігі мен «Қазақмыс Холдинг» ЖШС арасында қол қойылған Меморандум негізінде Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласының инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд. теңге қаражат бөлінді.
Бұл қомақты қаржы 22 ірі жобаның жолын ашады деп күтілуде. Ең басты бағыт – өңірде әлеуметтік тұрақтылықты нығайту. Бұл дегеніміз – жаңа әлеуметтік нысандар, сапалы ауыз су, экологиялық қолайлы орта, тұғырлы туризм т.б.
Меморандум аясында облыс орталығында жаңадан заманауи спорт кешені, Серке театрының жаңа ғимараты, балабақша, Сәтбаев қаласында еңселі емхана мен жарақат пункті бой көтереді.
Сондай-ақ, «Қазақмыс» компаниясы Кеңгірдің жағалауын, Ұлытау ауданындағы «Тасбұлақ», «Күмісбұлақтың» және Әулиетау бөктеріндегі бұлақтардың төңірегін абаттандыруға атсалыспақ. Ол аз десеңіз, компания Жезқазғанда халықаралық стандартқа сай техникалық университеттің ашылуын, Ұлытау ауданында Мемлекеттік рәміздер алаңының құрылысын қаржыландырады.
«Қазақмыстың» бұл қайырымын бір реттік акция деп қабылдасақ, шатасамыз. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген талапты терең түсінген және Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын салиқалы тұрғыда қолдайтын компания қожайындары Жезқазған-Ұлытау өңірі үшін инвестиция игілігін жүйелі түрде ұсынатын болады. Өзара ықпалдастық пен ынтымақтың игілігін қарапайым халық сезінер күн – алда.
ЖОЛ ҚЫСҚАРЫП, АЛЫСЫМЫЗ ЖАҚЫНДАЙДЫ
Жылдар бойы көзден таса, көңілден ұмыт қалған өңірдің көз жасын Алла көріп, үмітін Үкімет ақтай бастады. Сары алтындай мысымен әлемнің мысын басқан Жезқазғанның тұйықталған дәуірі аяқталып, тығырықтан шықты.
Облыс ашылғалы Жезқазған тұрғындары үш бағытқа әуе қатынасы арқылы сапарлай бастады. «Жезқазған-Астана», «Жезқазған-Қарағанды», «Жезқазған-Алматы» әуе рейстері ашылып, бұрыннан бар бағыттардың жиілігі еселенді. Осының өзі арқылы қарапайым халық Мемлекет басшысының Ұлытауға деген оң көзқарас, шексіз қамқорлығын сезінуде. Әрине, жергілікті атқарушы биліктің ілкімді істі ұйымдастырудағы іскерлігін атап өткеніміз абзал. Жолаушылар тасымалы мен қауіпсіздігі – облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының ұдайы назарында.
«Тальго» жүрдек пойызына отырып, жолы қысқарып, уақыты ұзарған жолаушылардың облыс басшыларына деген алғысында шек жоқ.
Сонымен қатар, жылдар бойы күн тәртібінен де, халық көкейінен де ығыспай келген бір проблема бар еді. Ол – «Жезқазған-Қызылорда» бағытындағы жолдың сын көтермес сықпыты. Бұл мәселенің де күрмеуі шешіліп, Қызылорда Жезқазғанға «жақындайтын» болды.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жұмыс сапары барысында осы мәселеге зор мән беріп, құзырлы органдарға нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Жақында ғана азапты жолдың құрылысы басталатыны туралы сүйіншілі хабар естідік. Сең қозғалды!
Ендігі жерде Жезқазған тұйықтан да, тығырықтан да шығатын болады!
Облыстың аудан, қалаларымен де қатынас мәселесі оң шешіліп, жаңадан 27 автобус бағыты ұйымдастырылды. Әлі де жаңа бағыттар бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Алысымыз жақындап, жол азабы азайып келеді.
ҚҰРЫЛЫС ҚҰР ЕЛЕС ЕМЕС
Облыс ашылған бетте халық назарына ұсынылып, әлеуметтік желіні шарлап кеткен болашақ Жезқазғанның бас жобасы бар еді ғой. Соны кейінгі кезде «Жай сөз болды», «Халықты алдарқату болған», «Ондай құрылыс қайда бізге?» деген жел сөзге жетектетіп жіберіп, жергілікті билікке халықты қарсы қоюға кірісіп кеттік. Неге?
Иә, құрылыс бәсең. Оның да өзіндік себебі бар.
Мысалы, төңірегіне құрылыс индустриясының алпауыттары топтасып алған ірі қалаларда мүмкіндік зор. Былай шығып, кірпішін, былай шығып, цементін, олай шығып жабын плиталарын алып келеді. Мұндай өндірістің бізде бірі жоқ. Келесі көшеден кірпіш сатып алатын жерде салынған нысанға жұмсалған қаражатқа Жезқазғаннан тауық қора сала алмайсың. Неге? Өйткені, барлық құрылыс материалдарының тасымал шығыны сенің бизнесіңе де, бюджетіңе де шыр бітірмейді.
Құрылыс нысанының өзіндік құнын мың рет шотқа салып есептеген құрылыс компаниясы өзін отқа салғысы келмейді. Сол үшін әуелі Жезқазғанға темір-бетон бұйымдарын өндіретін (ЖБИ) зауыт салу керек. Цементің де солай. Кірпішің болса-болмаса…
Дегенмен, қол қусырып отырған билік жоқ. Үкіметтің қолдауын тиімді пайдаланып, бөлінген қаржыны ұқсатып-ақ жатыр. Әлгіндей мәселелерге талдау жасап, құрылыс материалдарын шығаратын жаңа өндіріс орындарын (ЖБИ, кірпіш зауыты, цемент зауыты т.б) ашуға мән берілсе, біздің өңірде де бойшаң кран жұмыс істеп, Кеңгірдің ол жағалауы да, бұл жағалауы да көркейіп шыға келері даусыз.
Ол күнді де сабырмен күте тұрайық…
«МӘСКЕУ БІР КҮНДЕ САЛЫНҒАН ЖОҚ»
Иә, ашылғанына бір жыл енді болатын жаңа облыстың аумағын ертегіге бергісіз елес кезіп, бәрі облыс ашылған күні дүркіреп кететіндей көргеніміз де, күткеніміз де рас. Тіпті, кейбір желі қолданушылары «Анау қайда?», «Мынау қашан?» деген жосықсыз сұрақтарын жосылтып, тағатсыздық танытқандарын да жасыра алмаймыз. «Мәскеу бір күнде салынған жоқ» деген қарапайым қағиданы қазық ете алмағанымыз қандай өкінішті?!
Әсіресе, әлеуметтік желіде отырып алып, жасалған жұмыс, қолға алынған бастамаларды көрмейтін жерлестерімізді түсінбеймін. Ұлытауда басталған ұлы жобаларды іске асыру үшін уақыт пен сабыр керек! Осыны түсінетін уақыт жетті.
Бізге тарихи мүмкіндік берілді. Қарашаңырақты қайта түлету, Ұлытауды туризмнің тұғырлы ордасына, Жезқазғанды Жерұйыққа айналдыру – өз қолымызда. Қарапайым халықтың ауызбірлігі мен ортақ істен оқшауланбай қызмет етуі сыналатын шақ – осы. Олай болса, бірлік танытып, берекелі іске жұмылғанымыз – абзал. Дана қазақ «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дейді. Жұдырықша жұмылып, «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығару арқылы ғана Ұлытау ұлы мұратқа жетіп, Жезқазған жер жәннатына айналады.
Сондықтан, әлеуметтік желі арқылы барды жоқ қылып, жоқтың өзін құрдымға жіберіп, керітартпалыққа салынбай, болар елдің баласының болмысын танытайықшы! Қайталап айтамын, «Мәскеу бір күнде салынған жоқ»!
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Ғасырлар бойы даңқы асқақтап, тарихы ұлт тағдырының шерлі шежіресін түзген қасиетті Ұлытаудан қадір қашты деп кім айтты Сізге?!
Ұлытауға Ұлар құс оралғандай мәре-сәре, мәз-мейрам болып жатырмыз.
Рас, қарнымыз ашқан, қадіріміз қашқан күнді де өткердік… Соның барлығы артта қалды.
Бізге дәл қазіргі уақытта теріс сөйлеп, теріскейден жел тұрғызу емес, жақсы сөйлеп, жақсы ой түю керек! Сонда ғана Ұлытау ұлы мұратына жетіп, Кеңгір кемерленеді! Сәтбаев салтанаттың мекеніне, Қаражал қазынаның көмбесіне, Жаңаарқа жаңа дәуір жаршысына айналады!
Кешегі өткен бір жылдық белес мың жылдықтың жүгін көтеріп тұр! Барлық жұмыс жарқын болашақ үшін жасалып жатыр. Баянды болғай!
Нұргүл ШАМАЕВА.