Аграрлар бас қосқан алқалы жиын жетекші салаға қатысты мәселелерді қаужады

Жезқазған қаласындағы «Кеңгір» қонақ үйінің мəжіліс залында ауыл шаруашылығы, тамақ жəне қайта өңдеу өнеркəсібі қызметкерлері күніне арналған форум өтті. Аграрлар бас қосқан алқалы жиында жетекші саланы қолдауға қатысты маселелер қызу талқыланды.

Форумды Жаңаарқа ауданына қарасты «Мирас» шаруа қожалығының басшысы Төлеген Жаманов ашып, жүргізіп отырды. Ал, оның жұмысына Жезқазған, Сəтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарындағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін 70-ке жуық ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қатысты.
Жиында Ұлытау облыстық Ауыл шаруашылығы жəне жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимур Бисимбаев «Ауыл шаруашылығы жылының негізгі қорытындылары мен АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, биыл облыстық бюджеттен мемлекеттік қолдау шаралары аясында субсидиялауға 4 миллиардқа жуық қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда соның 80 проценті ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші фермерлерге төленген.

Форумда сондай-ақ, «Ұлытау» Əлеуметтік кəсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарушы төрағасының орынбасары Жүрсінбай Лекеров «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру жəне ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру» туралы мəлімдеме жасап, форумға жиналғандарды бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Аграрлар бас қосқан алқалы жиында сөз алған Ұлытау облыстық кəсіпкерлік палатасының төрағасы Гүлмира Қаженова облыстағы ауыл шаруашылығы саласына қатысты басты мəселелерге тоқталды. Ол кейбір шаруа қожалықтары иелерінің бұғатталған шоттары əлі күнге дейін шешілмегенін жеткізді. Сондай-ақ, өңірдегі заманауи ветеринариялық лабораторияның жоқтығын алға тартты.
Жиында мəлім болғандай, Ұлытау облысында биыл ауыл шаруашылығы саласына 400- ге тарта шағын несие беріліп, 2 ірі инвестициялық жоба 2,5 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылған.

Форумда фермерлердің көкейлерінде жүрген сауалдары тыңдалып, шешімін таба алмай жүрген мəселелері қарастырылды. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы агро-өнеркəсіптік кешенін субсидиялау, экономикалық талдау жəне инвестиция тарту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрғиса Мырзабектің айтуынша, осы мəселелердің шешімін табу мақсатында іргелес жатқан облыстардан, Елордадан арнайы мамандар шақыртылған.
Форум жұмысына қатысқан облыс əкімі Дастан Рыспеков арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Ауыл шаруашылығы, тамақ жəне қайта өңдеу өнеркəсібі қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, қатысушыларды марапаттады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.