Ақсақалдар «Әділет» партиясын қолдайды

Құрылтай депутаттығына үміткерлер Ақжол Құрмансейіт пен Алмат Жөкебаев Ұлытау ауданының орталығында ақсақалдармен кездесті.

Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауданда туризмді дамыту, халық санын арттыру мәселелері сөз болды. Ақсақалдар өз ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, «Әділет» партиясының бастамаларына қолдау білдірді.

«Партия бағдарламасын оқып шықтық. Құрылтай кандидаттарының арасында жастардың көптігі қуантты. Елімізде орын алғалы тұрған саяси науқанға біріміз қалмай қатысамыз. Болашақ өздеріңнің қолдарыңда. Қолдауға әзірміз!» – деді аудан тұрғыны Серік Тәшенов.

Ақсақалдар кандидаттарға ақ батасын беріп, ел игілігі жолындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жалпы, Ұлытау облысында үгіт-насихат жұмыстары аясында 371 кездесу өтіп, 50 000-жуық тұрғын қамтылды.