Ұлытаудың шежіресі

Көгінде қыран қалқыған, бауырында байлық шалқыған тастары кен болып балқыған, Тұран жұртының тұрағы болған, ұлтымыздың ұраны болған қасиетті қарт Ұлытауда небір тарихи оқиғалар өткен. Сол оқиғалардың өткенін, аңыз болып бізге жеткенін қалтарыста қалдырмай бүгінгі жастардың санасына сіңіріп, келер ұрпаққа жеткізу – біздің ардақты да, абыройлы борышымыз. Осы тұрғыдан алып қарағанда баспасөздің атқарар рөлі зор. Олай болса, аудандық баспасөз – аудан шежіресінің мұрағаты. 1939 жылы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің Указымен бұрын Қарсақбай ауданының құрамында болған Ұлытау одан енші алып, өз алдына аудан болып құрылды. 1940 жылы қараша айында «Большевик туы» деген атпен аудандық газет жарыққа шықты. Аудандық партия комитетінің «Келтеталда» өткен конференциясында аудандық газеттің редакторы болып Жұмабек Кетіков бекітілді. Содан бері өткен ауданның 80 жылдық тарихын осы газеттің сарғайған беттерінен табамыз.

Заман ағымына қарай, газеттің аты да «Коммунизм туы», «Сталин туы» болып өзгерді. Газетке Әбілқасен Әміралин, Дихан Жұмабеков редактор болды. Сағындық Қожамсейітов жауапты хатшы болды. Газет өзі жарық көрген күннен бастап ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын, еңбегімен елдің сый-құрметіне бөленген еңбек озаттарын, елдің мәдени-тұрмыстық жағдайын қалт жібермей қамтып отырды. Алапат ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен есеңгіреп қалған елдің тұрмыс-тіршілігі ауыр еді. Сол бір қиын-қыстау, тапшылық табан тіреген заманның өзінде ерлікпен еңбек еткен, Социалистік Еңбек Ері атағын алған Түсіпбек Меңдібаев, Тоқберген Ахметов, Ленин орденімен марапатталған Есмағанбет Шохатов, Золотой Бегімовтің және тағы да басқа еңбек озаттарының өнегелі істерін газет бетіне жариялап, жастарға үлгі-өнеге етіп ұсынып отырды. Бұлардан кейін Мыңбай Берденов, Бәкен Мышанов Социалистік Еңбек Ері атағын алса, Әбіш Сұлтанов, Құрманәлі Әбілғазин, Науқанбек Шоманов, Жылқай Алпысбеков, Дәуренбек Үсенов, Зейнолла, Зағира Әбілдиндер «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», І-ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендермен, медальдармен марапатталды.

Аудандық газет ауданның еңбек озаттарын насихаттап, әлеуметтік-экономикалық дамуын жариялаумен шектелген жоқ. Ғасырлар қойнауынан бізге аңыз боп жеткен тарихи оқиғаларды да қалыс қалдырмай қамтып, оқырман назарына ұсынып отырды. Сол кездегі саясаттың әсерінен 1962 жылы аудан жабылып Жезді ауданына қосылды. Соған орай, аудандық «Сталин туы» газеті де жабылды. Араға он жыл салып, 1972 жылы Ұлытау ауданы қайтадан ашылып, 1973 жылы аудандық газет «Ұлытау өңірі» деген атпен жарыққа шықты. Оның редакторы жоғары білімді журналист Көбейсін Еңсебаев болды. Ол жаңадан құрылған Жезқазған облысының «Жезқазған туы» газетіне қызметке ауысуына байланысты 1975 жылы Ақтоғай аудандық «Тоқырауын толқыны» газетінің жауапты хатшысы болып қызмет істеген Төлеухан Оразбеков деген жоғары білімді журналист редактор болып келді. Газеттің жауапты хатшысы, журналист Батырбек Мырзабеков, мен редактордың орынбасары, Асанәлі Тәліпов бөлім меңгерушісі болып қызмет атқардық. Ол кезде ауданда баспахана жоқ. Газет облыстық баспаханадан, кейде Жезді аудандық баспаханасынан шығатын. Кейін аудандық баспахана ашылып, оның директоры болып Ленинградтан полиграфиялық білім алған Қапет Әбілов келді. Алайда, баспахананың техникалары әлдеқашан өндірістен шығып қалған еді. Линотивте теріліп, қолмен жасалып, қолмен басылатын. Баспаханада Ақлима Тілегенова, Сағыныш Сейпішева, Ақгүл Тойшыбекова, Балқия Тұрғынбекова, Әсия Молдашева, Тұрсынкүл Мүсілімбекова, тағы басқа да қызметкерлер тынымсыз жұмыс істеді.

977 жылы Төлеухан Оразбеков жаңадан құрылған Приозерный ауданына редактор болып ауысып, мен облыстық партия комитетінің ұйғарымымен аудандық «Ұлытау өңірі» газетінің редакторы болып тағайындалдым. Редакцияда жоғары білімді қызметкерлер болмады. Әдебиетке бейімі бар азаматтарды жұмысқа қабылдап, тәрбиеледік. Асанәлі Тәліпов, Қуаныш Сихымбаев, Ізтай Белгібаев, Шахмаран Ысқақов, Сәбира Мүсілімова, Құрманжан Сламахунов, Бәтнияз Қалиев қызмет істеді, кейін қазіргі жазушы Төкен Әлжанов, бүгінде республикалық «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген жоғары білімді Нұрперзент Домбаев аудандық газетте қызмет істеді. Мен қырық жылдай редактор болғанда аудандық газеттен талай түлектер түлеп ұшты. Бірде-біреуі төмендеп кеткен жоқ. Гүлдариға Сыздықова жұмысын корректорлықтан бастап жауапты хатшы болып отыз жылдай еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Қуат Құрмансейітов – Нұр-Сұлтанда «Кәусар» баспасының директоры. Ізтай Белгібаев – «Сарыарқа», «Шарайна» газеттерінде қызмет істеді. Аймаққа белгілі журналист, қазір Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінде еңбек етіп жүр. 2011 жылы менің басқа жұмысқа ауысуына байланысты осы газеттен түлеп ұшқан, аудан әкімінің орынбасары болған, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарған жоғары білімді Елтынды Дүйсенбаев редактор болып, биылғы жылға дейін жемісті қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты. Аудандық газеттің басшысы болып Қаражал қаласы әкімінің орынбасары болған, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары қызметін абыройлы атқарған Ахат Құрмансейітов редактор болды.

Аудандық газет өзінің 80 жылда талай тарлан журналистерді тәрбиелеп шығарды. Газетте Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рахымжан Молдыбаев жиырма жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жоғары білімді Қайрат Жұмабаев, жоғары білімді журналист Альмира Оспан, Перизат Шәмшібек, бұрынғы облыстық «Жезқазған туы» газетінде жұмыс істеген, аудандық «Ұлытау» газетінде отыз үш жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жоғары білімді корректор Әлия Әбітова, жас фототілші Жасұлан Аяшев, есепші Айгүл Исабаевалар жемісті қызметімен көпшіліктің сый-құрметіне бөленуде.

Бір сөзбен айтқанда, «Ұлытау» газеті – ауданның шежірешісі. Бұл газеттің сарғайған беттерін ақтарған адам талай тарихи оқиғаларды, еңбегімен елді сүйсіндірген талай тарланды, ауданнан шыққан атақты адамдардың өмір деректерін табары анық. Аудандық газет — кешегіні бүгінге, бүгінгіні келешекке жеткізетін қартаймайтын, елмен бірге жасай беретін басылым.

Мен аудандық газеттің 80 жылдық мерейтойымен аудан оқырмандарын шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасына бақыт, ырыс-береке, елге бірлік тілеймін.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы,

Қазақстанның Құрметті журналисі.