«Қазақ концерт» ұжымының Ұлытау облысына гастролі Жезқазғанда қорытындыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында «Кең-байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз», – деп атап өтті. Осыған орай, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдау мақсатында еліміздегі басты концерттік ұйымы «Қазақконцерт» алғашқылардың бірі болып жаңа облыстарды құттықтауға өнер керуенін гастрольдік сапарға аттандырды.
«ЕЛ БІРЛІГІ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» атты жобасының аясында шығармашылық ұжым Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында мерекелік концерттер берді.
24 тамыз күні «Ән-жырым саған, Ұлытау!» атты гастрольдік сапарына шықты. Жоба аясында Жезқазған қалалық тарихи-археологиялық музейінде кездесу өтті. Оған Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Жанғали Жүзбай, Раушан Оразбаева, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Рухия Байдүкенова, аймақтың зиялы қауым өкілдері, Ұлытау облысының әкімдігі мен БАҚ қызметкерлері қатысты. Кездесуде мәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, ұлттық мәдениетті дамыту шаралары жөнінде келелі әңгіме қозғалды. Жиын барысында күйші, өнер зерттеушісі Жанғали Жүзбай күй шертіп, Раушан Оразбаева мен Рухия Байдүкенова әннен шашу шашты.
Кездесу соңында қонақтар шығармашылық ұжым атынан музей қорына үш шекті домбыраны сыйға тартты.
Жоба аясында «Қазақконцерт» солистері жыл соңына дейін Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Жамбыл облыстарының аудандары мен моноқалаларында концерттер береді. 2022 жылдың 25-26 тамызы аралығында өнер ұжымы Ұлытау облысында өнер көрсетеді.