Қазақтың қасіретті жылдары
31 мамыр – талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Атаулы күн елімізде 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Бұл – Қазақстан үшін айрықша дата.
Тарихтан білетініміздей, «халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мəдениет жəне саясат саласының қайраткерлері болды. Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «əлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады.
Ел қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. КСРО-да 1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін социалистік құрылысты орнықтырудағы шаруашылық механизмінің ажырамас бөлігіне айналды. Жалпы, деректерге көз салсақ, 1921-1954 жылдары аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген екен.
31 мамыр сондай-ақ, Қазақстанда ашаршылықта қаза тапқандарды да еске алу күні ретінде аталып өтіледі. 1920 жылдардың соңында жəне 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, əсіресе Қазақ халқы қатты зардап шекті. Бұл ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі еді. Сол кездерде Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 млн. адамның өмірін жалмады. Осы жылдары ең кемі 1,5 млн. қазақ аштықтан ажал құшты. Дегенмен бұл деректерді əлі де тыңғылықты зерттеу керек. Өйткені, ол кездегі есептерді басшылар өз пайдасына орай бұрмалап берген. Ал аман қалған қандастарымыздың тағы да 200 мыңы жосып, басқа мемлекеттерге көшіп кетті. Сол жылдары аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті. Мұның барлығы сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясатының қолдан жасаған зұлматы еді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ