Президент бастамасына қолдау білдірді

Жетінші шақырылған Ұлытау аудандық мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында өңір үшін аса маңызды шешім қабылданды. Мәслихат хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ төрағалық еткен депутаттардың басты жиынына аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мемлекеттік мекемелердің басшылары, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Сессияның күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында болатын Ұлытау облысын құру туралы бастамасын қолдау» және «Жаңадан құрылатын Ұлытау облысының құрамына Ұлытау ауданын қосуды ұсыну туралы» мәселелер қойылды.

Аталған мәселелерге қатысты аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов хабарлама жасады. Хабарлама мен аудандық мәслихат сессиясы шешімінің жобасы депутаттар корпусы тарапынан толық мақұлданды. Тиісінше, ҚР «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 9, 12-баптарына, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына сәйкес, Ұлытау аудандық мәслихатының сессиясы аталған мәселелер бойынша тиянақталған, оң сипатты шешім қабылдады.

Енді аудандық мәслихаттың және аудан әкімдігінің бірлескен шешімі мен қаулысы тиісті құзырлы органға жолданатын болады.