Сұм ажал қалай қапыңды тапты, Мұзаға-ау?..
Қаралы хабар…
Ойпырмай неткен мұңды күн,
Қасқайып тұрып опырылып түсті-ау шың бүгін.
Күйкі өмір тағы жалған екенін дәлелдеп,
Сұм ажал тағы жасады, міне, сұмдығын.
Ездердің күйі – үйінен қарыс ұзамау,
Ерлердің үйі – керіліп жатқан түз анау!
Алысқаныңды астыңа баспай қоймаушы ең,
Сұм ажал қалай қапыңды тапты, Мұзаға-ау?..
Ел ісі десе, беліңе қару байладың,
Өзіңмен енді кеңес құратын қайда күн?
Басшысы да оның, батыры да оның сен едің,
Күйрей де жаздап, күңіреніп қалды аймағың.
Етегін басса Жезқазған-Ұлытау аймағы,
Жиғызар есін, өзің едің ғой айбары.
Қылышының жүзі, найзасының ұшы, жебесі –
Сен едің, аға, намысының да қайрағы!
Жауыныңа да, дауылыңа да қарамай,
Қия шыңдағы қасқайып тұрған қарағай.
Осы елдің сөзін тіліп те талай айтып ең,
Кімнің де болсын қас-қабағына қарамай.
Жүйрігім едің додаға салса, шаппай бер,
Сенімін елдің сертінде тұрар ақтайды ер.
Сөзіңді де, аға, өзіңді де, аға, ұмытпай,
Жадында мәңгі ерім деп сүйген сақтайды ел!
Әнуар ОМАР,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы