«Орталықтың» оғландары жырлайды

Иранбағым, ей, менің

І

Ұлытауды бетке алып келемін,
Қарсы алды шайыр-күз.
Сай қуалап, көкке малып желегін.
Ән салады қайың-қыз.

«Қайдан келді» күн «мыналар» деді ме,
Тұра қашты тау асып.
Жалт қарады, қабақ шытып Едіге,
Сыз бүркенге науа – шық.

Сыбыр-сыбыр, Тасбұлақпен сырласқан,
Қыземшек тау – үр қызы.
Төбемізден тұрды төніп түнгі аспан,
Сам жамырап жұлдызы.

Ұлытау тұр бөгіп қою мұнарға.
Көлеңкесі дір етіп,
Елге оралған түнделетіп ұлар ма,
Қанаттары пыр етіп?

Туған жерге келген аңсап, қыдырып,
Түннің түріп түнегін.
Ұлар емес, алқымыма тығылып,
Алып ұшқан жүрегім.

Қараған-қыз қылымсиды бұрымды,
Жел тербетіп көйлегін.
Құшағыңа бас аймалап ұлыңды,
Иранбағым, ей, менің!

ІІ

Жағам – жайлау, өз елімде – ұлтанмын,
Хан ордасы…түс ауды.
Құйрық-жалы – сары алтын тұлпар-күн.
Кісінейді тұсаулы.

Айналшықтап жүрміз, Ханның ордасын,
Ордасы жоқ мекенде.
Ана белден асып түссем – Қорғасын,
Тартып кетсем, жетем бе?

Өзен бойлап, арнасы – ну, сырты – жар.
Жамырап қыр алқалы.
Ордасы жоқ, айдалада жұрты бар,
Қаңырап тұр Хан тағы.
Жапан дала – төңірегі сары айғыз,
Ұлытау тұр мұнартып.
Аң-таңқалып, айналаға қараймыз,
Сұлулыққа құмартып.

Ана белден асып түссем – Шеңберім,
Тартып кетсем, жетем бе?
Көзбен сызып көкжиекті шеңберін,
Жолға түстік көтерме.

Дала жатыр сұлулығы тоналып,
Күз мұнары құрсаған.
Ұларыңдай мекеніме оралып,
Иранбағым, бір соғам!

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.


Ұлытау

Есті елдің шыға қоймас естен ғұрпы,
Өткеннен өнеге алып өскен жұрты.
Ұлытау ұлылығын баян етті,
Басынан ақ ұлпадай көшкен бұлты.

Ұлытау – ұлт мекені бетегелі,
Жанымды жақсылыққа жетеледі.
Хан ордасы басына аунамасам,
Аңсаған арманым боп кетер еді.

Қыз түгілі қайыңы қылықты екен,
Ұларың қадіріңді біліп пе екен?
Ақыны толғайтындай көрікті екен,
Батыры қорғайтындай ұлық мекен.

Білмедім, неге өзені Терісаққан,
Ұлытау жер емес қой кеміс бақтан?!
Шашу шашып қарсы алар қайманасы,
Қозыкөштен көрінсе серісі аттан.

Құландай бара жатыр жосып жалған,
Мұраңдай белгі қалған Жошы ханнан.
Жарты әлемді билеген бабалардың,
Ұлытауда ұлық боп қосы қалған.

Көрмесем де Ұлытау ұларларын,
Тұла бойды тасымен тұмарладым.
Халықты ұйыстырған құт мекеннен,
Қанықты ұлылыққа құмар жаным.

Демейсің, ұлылықты байқамадық,
Асқарлы Ұлытаудың қайқаңы – алып.
Көрігін көңілімнің басып тұрып,
Жырлайтын жер екенсің қайта барып.

Нұрдос КӘРІМ.


Қасиет һәм құдірет

Жезқазған – кие қонған бақ тұрағым,
Өзіңе сағынысып кеп тұрамын.
Біссіміллә, алған бағыт – Хан ордасы,
Кеңесі қажет бізге Кетбұғаның.

Жошының жатқан жері – алтын аймақ,
Сарайыңды ашады жарқырай қап.
Күйбеңнің күйін шертіп келген жан да,
Арқаланып қайтады халқын ойлап.

Қаныштың атындағы кенді қалам,
Бабыр би жол сілтесін ендімаған.
Шөлімді бұлақтарың қандырсын бір,
Танысын бұл киелі жерді ғалам.

Өр рухым – көкке ұлыған Көк бөріде,
Ризамын саған аман жеткеніме.
Еңсемді езіп, байырғы қорғасын мұң,
Таңырқаумен қараймын өткеніме.

Асанқайғы тоқтап жер ұйығыма,
«Өс, өн!» деп бата берер күй ұлына.
Әулиетау аспанмен астасады,
Жерімнің көз жетпейді қиырына.

Динаның домбырасын баптай кетем,
«Жақсы сөз ой түбінде жатпайды» екен.
Тасбұлақтың суынан сімірген ұл,
Адасса да, далада қатпайды екен…

Қыземшек – арманымсың,
Биші қайың,
Көркіңнен көңіліме сый сұрайын.
Суынан Тасбұлақтың құйшы тағы,
Қыз қуып, құмарымнан бір шығайын.

Осылай, Хан ордаға аман жеттім,
Кеудесін күмбірлетіп тәмам көктің.
Біріміз қалың-қалың ойға баттық,
Біріміз қаһарландық «Бабам!» – деп кіл.

Төсіне қара жердің құладым кеп,
Өзегіме тығылды бір ағынкеп.
Хан тағына қараймын жаутаң-жаутаң,
Шерімді айтып, егіліп жылағым кеп…

Балаңмын еш сынақтан қаймықпаған,
Созылып жата берші, бай, құт – далам.
Қарайып құшағыңа келіп едім,
Хан сынды айбарланып қайтып барам…

Жәлел ШАЛҚАР.