Үш дүркін жеңімпаз атанды

Ұлытау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері «AUYL SPORT – 2026» өңірлік жобасында жоғары нәтиже көрсетіп, волейбол және баскетбол бағыттары бойынша қатарынан үш дүркін жеңімпаз атанды.

Ауыл жастары арасында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған жоба биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Ауқымды спорттық шараны «Halyk» қоры мен Ұлытау облысының дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы ұйымдастыруда. Аталмыш жобаға Ұлытау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің волейбол, баскетбол және үстел теннисі үйірмелерінің тәрбиеленушілері жарысқа белсене қатысуда.
Биылғы додаға Ұлытау облысының Жаңаарқа және Ұлытау аудандарынан, сондай-ақ Кеңгір, Қаракеңгір, Қоскөл, Терісаққан, Бидайық елді мекендерінен жасақталған 6–7 команда қатысып, спорттың бірнеше түрінен бақ сынады. Жарыстың алғашқы күнінде Ұлытау ауданының спортшылары баскетболдан тамаша нәтиже көрсетті. Қыздар арасында баскетбол командасы І орын иеленсе, ұлдар командасы да қарсыластарынан басым түсіп, жарысты жеңіспен аяқтады. Осылайша, екі команда да Ұлытау облысының намысын республикалық деңгейдегі додада қорғауға жолдама алды.
Жарыста спортшыларды дайындауда елеулі еңбек сіңірген бапкерлер – Айзат Жыңғылбаева мен Баубек Байшат «Үздік бапкер» аталымымен марапатталды. Сонымен қатар жаттықтырушыларға арнайы Алғыс хаттар табысталды.
Ұлытау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі тәрбиеленушілерінің «AUYL SPORT» аймақтық турнирінде қатарынан үш рет жеңімпаз атануы – спортшылардың тынымсыз дайындығы мен жаттықтырушылардың жүйелі жұмысының нәтижесі. Жас спортшылардың әрбір жетістігінің артында күнделікті жаттығу, қатаң тәртіп, төзімділік пен табандылық жатыр. Ал бапкерлердің кәсіби шеберлігі мен шәкірттеріне деген жауапкершілігі олардың спорттық нәтижелерінен көрініс табуда.
«AUYL SPORT – 2026» жобасы ауыл жастарына өз қабілеттерін шыңдап, спорттық шеберліктерін арттыруға мүмкіндік беріп келеді. Мұндай жарыстар жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, командалық рухты қалыптастырып, жаңа спорттық жетістіктерге ынталандырады.
Алда Ұлытау облысының атынан республикалық додада бақ сынайтын жас спортшылар үшін жаңа белес тұр. Жеңіс жолын жалғастыруды мақсат еткен өрендерге алдағы жарыста сәттілік тілейміз! Ұлытау спортының абыройын асқақтатып, биік белестерді бағындыра беріңіздер дейміз.

Ізбасар ОЙБАС.