Руханиятқа қосқан үлесі еленді

Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ Ұлытау аудандық мешітінің бас имамы Жанболат РАХЫМБЕРДИЕВТІ Нұр-Мүбарак Египет ислам мəдениеті университетінің магистратурасына оқуға түсуіне байланысты қабылдады.

Кездесу барысында аудан басшысы Жанболат Серікұлына ауданның рухани-мəдени өміріне, жастар тəрбиесіне жəне діни сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстарына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа білім ордасындағы оқуына сəттілік тіледі.
Орайы келгенде айта кетейік, Жанболат Рахымбердиев 2019 жылдың шілде айынан бері Ұлытау аудандық мешітінің бас имамы қызметін атқарып келеді. Осы уақыт аралығында ол ауданның қоғамдық-рухани өміріне белсене араласып, жастардың діни сауатын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асырды.
Теолог маман ретінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастармен кездесулер ұйымдастыру арқылы діни сауаттылықты арттыру, сондай-ақ теріс діни ағымдардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарды.
Жастар тəрбиесі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған мұндай еңбектің маңызы зор. Діни сауатты ұрпақ қалыптастыру, жастарға дəстүрлі діни құндылықтарды дұрыс түсіндіру – қоғамның тұрақтылығы үшін маңызды міндеттердің бірі.
Кездесу соңында аудан əкімі Жанболат Серікұлын ауданның қоғамдық-рухани өміріне қосқан еңбегі үшін «Ұлытау ауданына 85 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттап, Алғыс хат тапсырды. Жаңа белеске қадам басқан Жанболат Рахымбердиевтің магистратурадағы білімі мен тəжірибесін алдағы уақытта да ел игілігіне жұмсайтынына сенім білдірілді.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.