Қазақстандағы оқу бағдарламалары мен білім беру стандарттары жаңа Конституцияның нормалары бойынша қайта қаралды

Оқу жылының басында Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен үлгілік оқу жоспарларды жаңартылған негізгі Заңның ережелеріне сәйкес келтірді. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда елімізде 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 360 мың бала мектепалды даярлықтан өтті»,

— деді Жұлдыз Сүлейменова.

20 қалада және облыстардың 23 ауданында ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Жобаны іске асыруда 1,1 млн ваучер берілді. Нәтижесінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқартылып, бюджет қаражатының 35,3 млрд теңгесі үнемделді. Балалардың мамандықтар туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыру және еңбекке тәрбиелеу мақсатында 100 балабақшада «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» ерте кәсіптік бағдарлау әдістері пилот негізінде жүзеге  асырылуда.

«Қазіргі уақытта еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алуда. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданатын болады. 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді»,

— деп атап өтті министр.

Жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылады. 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті оқу курсы енгізіледі. Сонымен бірге 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналады және мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді.