Ұлытаудан басталған үлкен арман

Жастық шақ — адам өміріндегі ең қымбат әрі қайталанбас кезең. Бұл — арманға қанат бітіріп, алға мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында өзіңді сынайтын уақыт. Жастардың бойындағы білімге құштарлық, жаңалыққа ұмтылыс, елге қызмет етуге деген талпыныс қоғамның да алға жылжуына серпін береді. Сондықтан қай кезде де елдің болашағы туралы сөз қозғалғанда, үміт ең алдымен жас ұрпаққа артылады.

12 тамыз – Халықаралық жастар күні де осыны еске салатын ерекше дата. Бүгінде туған жерінде білім алып, кейін үлкен қалаға қанат қағып, өз ортасында белсенділігімен танылып жүрген, алдына нақты мақсат қойып, сол жолда еңбек етіп келе жатқан жастар бар. Солардың бірі — Ұлытау ауданынан түлеп ұшқан Елдара Обайдуллина.
Елдараның өмір жолындағы алғашқы үлкен белестері де, тұлға ретінде қалыптасуына негіз болған тәлімі де туған жерінен бастау алды. Ұлытау ауданындағы №1 тірек мектебінде білім алған ол бала кезінен белсенділігімен ерекшеленді. 8-сыныптан 10-сыныпқа дейін мектеп парламентінің президенті қызметін атқарып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Бұл жылдар оған жауапкершілікті сезінуді, адамдармен тіл табысуды, бастама көтеруді және өз ойын ашық жеткізуді үйретті.
Мектептегі білімін өнермен ұштастырған Елдара аудандық өнер мектебінде де оқып, ән мен биге қатысты. Өнер арқылы шығармашылық қабілетін шыңдап, өзін жан-жақты дамытуға ұмтылды. Екі мектепті де үздіктер қатарында тәмамдауы — тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Бала кезінен түрлі дүниеге қызығушылық танытып, үнемі ізденуге ұмтылған оның үлкен арманы — өмірден өз орнын тауып, қоғамға пайдасы тиетін маман болу еді. Осы арман оны журналистика саласына алып келді.
Бүгінде Елдара — Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті. Астанаға алғаш келгенде жаңа қала мен жаңа орта оған үлкен өзгеріс әкелді. Алайда көп ұзамай ол маңызды бір нәрсені түсінді: мүмкіндік адамға дайын күйінде келмейді, оны іздеу де, қалыптастыру да адамның өз қолында.
Сондықтан университет қабырғасында алғашқы жылынан-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 2024–2025 оқу жылында ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы, ал 2025–2026 оқу жылында Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі Студенттер Альянсының төрағасы қызметін атқарды.
Осы жылдары түрлі әлеуметтік, мәдени, танымдық іс-шаралар мен жобаларды ұйымдастырып, студенттерді ортақ іске жұмылдыруға атсалысты. Еңбегінің нәтижесі де көңіл қуантты. 2025–2026 оқу жылында өзі білім алатын факультет ЕҰУ бойынша «Ең үздік факультет» атағын иеленді.
Студенттік орта Елдараға көшбасшылықтың мәнін, командалық жұмыстың маңызын және ең бастысы, өзіне сенуді үйретті. Оның ойынша, адам өзінің мүмкіндігін тек әрекет еткенде ғана тани алады. Сондықтан ол үнемі ізденіп, жаңа дүниені үйренуге және өзіне жаңа мақсаттар қоюға ұмтылады.
Бұл ұстанымның қалыптасуына туған жерінің тәрбиесі де ерекше әсер етті. Ұлытаудың топырағында өскен жас ретінде ол үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекке адалдық, жауапкершілік секілді құндылықтарды бойына сіңіріп өсті. Қай ортада жүрсе де, өз тамырын ұмытпау — оның өмірлік ұстанымдарының бірі.
Алдағы мақсаты — журналистика саласында өз орнын тауып, алған білімін ел игілігіне жұмсау. Адамдардың үнін жеткізетін, қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеретін, жақсы дүниелерді насихаттайтын кәсіби журналист болуды армандайды. Сонымен бірге өзі түлеп ұшқан Ұлытаудың атын абыроймен танытып, туған өлкесінің дамуына өз үлесін қосуды көздейді.
Ұлытаудан басталған үлкен арман бүгінде елорда төрінде жалғасып келеді. Білімді, ізденісті және қоғамдық белсенділікті өмірінің өзегіне айналдырған Елдара үшін бүгінгі жетістіктер — межеге жеткен соңғы нүкте емес, алда күтіп тұрған үлкен белестерге бастар алғашқы баспалдақ.

Альмира ОСПАН.