Ауыл дәрігерлерінің ұсыныстары тыңдалды
Құрылтай депутаттығына үміткерлер Ақжол Құрмансейіт пен Алмат Жөкебаев Ұлытау аудандық орталық аурухана қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында ауылдық жерлердегі медициналық қызметтің сапасы, дәрігерлердің еңбек жағдайы, кадр тапшылығы, жас мамандарды ауылға тарту және медициналық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.

«Ауыл дәрігерінің жұмысы – үлкен жауапкершілік. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін ең алдымен медицина қызметкерлерінің өзіне қажетті жағдай жасалуы керек. Білікті маманды ауылда ұстап қалу – денсаулық сақтау саласындағы маңызды міндеттердің бірі», – деп атап өтті кандидаттар.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау саласын дамытуға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлерін қолдауға ерекше мән берілген. Ауыл дәрігерлерінің әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан қолдау табуы, медициналық нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту – партия бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі.

