Итальяндық прус – қауіп төндіретін зиянкес
Итальяндық прус (Calliptamus italicus) – Қазақстан аумағында кең таралған аса қауіпті үйірлі шегіртке түрлерінің бірі.

Ол негізінен еліміздің солтүстік және батыс өңірлерінде көп шоғырланып, дәнді-жусанды және құмды дала алқаптарын мекендейді. Зиянкес жоңышқа, күнбағыс, мақта, көкөніс және дәнді дақылдарға айтарлықтай зиян келтіреді. Итальяндық прустың ересек дарақтарының денесі қоңыр-сұр немесе сарғыш-қоңыр түсті болып келеді. Аналықтарының ұзындығы 21,9–41,6 мм болса, аталықтарының ұзындығы 14,5–28,7 мм аралығында болады. Артқы аяқтарының қызғылт реңкті болуы бұл түрдің негізгі ерекшеліктерінің бірі саналады. Мамандардың айтуынша, қолайлы ауа райы жағдайында бұл зиянкес жаппай көбейіп, егістік пен жайылымдарға елеулі шығын келтіруі мүмкін.
Итальяндық прус өсімдіктердің жапырақтары мен жас өркендерін жеп, өнім көлемінің төмендеуіне себеп болады. Бұрынғы жылдары Қазақстан мен көршілес елдерде миллиондаған гектар жер шегіртке ошақтарымен қамтылып, ауқымды химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Зиянкестің таралуының алдын алуда фитосанитариялық мониторинг ерекше маңызға ие. Көктемгі және жазғы кезеңдерде мамандар шегіртке ошақтарын анықтап, олардың таралу аймағын бақылауға алады. Қажет болған жағдайда авиациялық және жерүсті химиялық өңдеу жұмыстары ұйымдастырылады.
Итальяндық прустың имагосы (Calliptamus italicus)
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен жер пайдаланушылар өз алқаптарында шегіртке дернәсілдері немесе ересек дарақтары байқалған жағдайда, бұл туралы уәкілетті органдарға дер кезінде хабарлауы қажет. Зиянкеспен күрес шараларын уақытылы жүргізу ауыл шаруашылығы дақылдарын сақтап, экономикалық шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді. Итальяндық пруспен күрес – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімдерінің тұрақты өнімділігін сақтау жолындағы маңызды міндеттердің бірі.
«Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясы» РММ.
