Ауыз су жүйесі жаңартылды
Аудан әкімі Аманжол Мыразабековтің ауыл тұрғындарымен өткен кездесуінде көтерілген өзекті мәселелердің бірі – сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету болатын. Бұл бағыттағы тапсырмалар Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында да ерекше назарда ұсталып келеді. Президент өз Жолдауларында ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен толық қамту – ел дамуының негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы міндеттерді орындау аясында Ұлытау ауданында нақты жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Сол игі істердің жарқын мысалы ретінде Терісаққан ауылында атқарылған инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарын айтуға болады. Атап айтқанда, ауылдың орталық «Талап» және «Қызылту» көшелеріндегі ауыз су желілері толықтай жаңартылды. Бұған дейін тозығы жетіп, жиі апаттық жағдайларға себеп болып келген темір құбырлар толығымен заманауи полипропилен (пластик) құбырларына ауыстырылды.
Жаңа су құбырларының жүргізілуі ауыл тұрғындары үшін сапалы әрі үздіксіз ауыз суға қол жеткізудің маңызды кепіліне айналды. Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту тек техникалық мәселені шешіп қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттыруға да тікелей әсер етуде. Ендігі жерде су құбыры жүйесінде орын алып келген жиі ақаулар мен су үзілістері азайып, ауыл халқы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Аталған жұмыстарды жауапты мердігер ұйым – «Марганец» ЖШС жүзеге асырды. Мердігер тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген талаптар мен сапа стандарттарына сәйкес орындалған. Жоба барысында ескі құбырлар толықтай демонтаждалып, олардың орнына ұзақ мерзімді пайдалануға арналған заманауи материалдар қолданылды.
Бұл бастама – тек бір ауылдағы инфрақұрылымдық жаңарту емес, сонымен қатар, мемлекет тарапынан ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған кешенді саясаттың нақты көрінісі. Президент Жолдауында айтылған міндеттерге сәйкес, өңірлерде халықтың өмір сүру сапасын арттыру, соның ішінде таза ауыз сумен қамту мәселесін толық шешу – басым бағыттардың бірі болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Терісаққан ауылындағы жұмыстар сол стратегиялық мақсаттардың орындалуына қосылған маңызды үлес деуге болады.
Ауыл тұрғындары да атқарылған іске оң бағасын беріп, көптен бері түйіні тарқамай келген ауыз су мәселесінің шешілуі тұрмыс жағдайына айтарлықтай жеңілдік әкелгенін айтуда. Тұрақты су жүйесі ауылдың әлеуметтік тұрақтылығы мен санитарлық жағдайының жақсаруына да ықпал етпек.
Алдағы уақытта аудан аумағындағы өзге де елді мекендерде осындай жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын табады деп күтілуде. Бұл – ауыл инфрақұрылымын жаңғырту және халықты сапалы өмір сүру жағдайымен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Терісаққан ауылындағы ауыз су желілерін жаңарту жобасы – мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен еңбегінің нәтижесі ретінде тұрғындардың игілігіне қызмет етіп отыр.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.
