Елордадан олжалы оралды
Жақында Астана қаласында өткен «BAITAS OPEN CUP» турнирінде Ұлытау ауданының жас дзюдошылары жеңіс тұғырынан көрініп, ел мерейін асқақтатты.

Дүбірлі додаға 2012-2014 және 2015-2016 жылдары туған жеткіншектер қатысып, түрлі салмақ дәрежесінде күш сынасты. Боз кілемде 300–ге тарта бала бақ сынасты. Соның ішінен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Әділет Бейбіттің сегіз шәкірті жүлдеге ілікті. Асығы алшысынан түсіп, жеңгендері жеңіс тұғырынан көрінді.

Атап айтсақ, 21 келі салмақта Мейіржан Қадыр, Асылмұрат Серғазы үшінші орын, Аслан Марат екінші орынға иеленді. 23 келі салмақта Аслан Төлеген екінші орынға қол жеткізді. 29 келіде Диас Талғат екінші орын алды. 32 келі салмақта Сұлтан Қуаныш жүлделі үшінші орынды қанжығалады.
2013-2016 жылдары туған қыздар арасындағы бәсекеде Айша Марат 27 келі салмақта күш сынасып, үшінші орынның биігінен көрінді. Ал, 30 келі салмақта бағын сынаған Айсезім Ермағамбет екінші орынға иеленді.
Турнир соңында жеңіске жеткен жүлдегерлерге «BAITAS» спорт клубының мадақтама грамоталары, медальдары, сыйлықтары тапсырылды. Осылайша, аудан намысын қорғаған жас спортшылардың жеңісі, ұлт ұясы – Ұлытаудың абыройын асқақтатты.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
