Ерлік даңқы өшпейді

9 мамырда ұлытаулықтар «Таңбалы тас» саябағындағы «Ер есімі – ел есінде» атты «Даңқ» мемориалдық кешені алдына жиналды.

Мәңгілік алау жанына жиналған қауым алдын Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков пен аудандық Қорғаныс істері бөлімінің бастығы Дәурен Сәрсенбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Тәшенов бастап, майдангерлер құрметіне орнатылған ескерткіш тақта іргесіне гүл шоқтарын қойды.
Тағзым етуші жұрт одан кейін, сұрапыл соғыста жанқиярлықпен ерлік көрсеткен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ауданның бас имамы Жанболат Рақымбердиев жауынгер буын рухына құран бағыштады.
Мемориалдық кешеннен бастау алған бұл шара ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ғимараты алдындағы ақбоз үйлерде жалғасты. Алаңның екі шетіне тігілген ақшаңқан киіз үйлерде көрме ұйымдастырылды. Көрмеге аудандық тарихи – өлкетану музейінен соғыс жылдарынан сыр шертетін тарихи деректер мен тағылымы мол материалдар, аудандық кітапхананың кітап қорынан тарихи-танымдық кітаптар қойылды.
Көпшілік қауымға ерлік пен ел тағдырынан сыр шертетін құнды жәдігерлерді музей қызметкері Светлана Омарова таныстырды. Майдангерлердің өмірімен, баһадүр бабалардың қаһармандық ерлігі жайлы жазылған кітаптарға кітапхана әдіскері Бақытгүл Бейбутова библиографиялық шолу жасады. Көрмеден кейін мерекелік шара «Ел есімі – ел есінде» атты концерттік бағдарламаға ұласты.
Жергілікті өнерпаздар тақырып мазмұнына сәйкес, патриоттық әндерді асқақтата шырқады. Полиция қызметкерлері де рухты әуендерді орындады. Патриоттық шараның көрігін бишілер тобы қыздырды. Олар мың бұралған билерімен мерекелік шараның шырайын аша түсті. Концерт соңы өнерпаздардың қосыла шырқаған «Жеңіс» әуенімен түйінделді.
Мереке аясында тыл және еңбек ардагерлері алаңға тігілген жауынгерлер асханасына арнайы барып, солдат ботқасынан ауыз тиді.
– 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні. Бұл Жеңіс аталарымыздың, әкеле аталарымыздың, әкелеріміздің, ағалары дің, ағаларымыздың – Жеңісі. Олар бізге бостандық сыйлаған ержүрек жандар. Ең бастысы, жер бетінде соғыс болмасын. Балалар бейбіт әлемде өмір сүрсін! Мен әрқашан Жеңіс күнін – бізге жарқын өмір, бейбітшілік пен еркіндік сыйлаған күн ретінде жоғары бағалаймын. Өйткені, бұл – Жеңіс, біз үшін Ұлы Жеңіс! – деді 90 жастағы тыл ардагері Балымша Жарасбаева.
Иә, Ұлы Жеңіс еліміздегі мәртебесі жоғары ұлы мереке. Бұл – жанкешті ерліктің, сын сағатта берілмеген рухтың, мәңгілік мұраттардың жеңісі!

Қайрат ЖҰМАБАЙ.