Даму бағыты бағамдалды

Облыс әкімі Дастан Рыспеков Ұлытау ауданына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беріп, азаматтардың жеке мәселелерін тыңдап, көтерілген сұрақтарды тікелей бақылауына алды.

Сапар аясында өңір басшысы бірқатар маңызды нысандарды аралады. Атап айтқанда, жабық бассейннің құрылысымен танысып, нысанды жаңа оқу жылына дейін толық аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, ғимараттың тиімді жұмыс істеуі үшін алдын ала секциялар ашу, білікті мамандар тарту және өзін-өзі қамтамасыз ету тетіктерін қарастыруды жүктеді.

Сондай-ақ Рәміздер алаңында болып, абаттандыру және қоршау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Өңір басшысы емханасы бар аурухана құрылысының барысын да назардан тыс қалдырмады. Бұл бағытта қажетті медициналық кадрларды алдын ала жасақтау, көтермеақы мәселесін уақытылы шешу және құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау міндеттелді.

Сонымен қатар Ұлытау–Арқалық бағытындағы автомобиль жолының құрылысын көріп, асфальт төсеу жұмыстарының қарқынын бағалады. Жол жөндеу барысында көлік қозғалысына барынша қолайсыздық туғызбау қажеттігін ерекше атап өтті.