Тілеулі батыр
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ елінің өткен тарихына зер салып, елім деп, жерім деп өткен жаугершілік тұсындағы батырларымыз бен кешегі Кеңестік дәуірде тоталитарлық жүйенің торына түсіп опат болған қазақтың зиялы қауымының өкілдерін ұлықтап, есімдерін еліне қайтару қажеттігі кеңінен қолға алынды. Осы тұста көзі ашық, көкірегі ояу, өзінің саналы ғұмырын ауылшаруашылығын өркендетуге арнаған ардагер, Жезді ауданының сыйлы азаматы Алтынбек Өмекешұлының ғасырлар өтсе де есімі ел жадында сақталып келген жоңғар соғысының хас батыры Тілеулі Әбдірахманұлы жайлы айтқан мына бір әңгімесі есімде жақсы жатталып қалыпты. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария әңгімені өте тартымды, дәмін келтіріп, тұзын татымды етіп айтушы еді.

Біздің заманымызда оқу деген болмады. Шамасы келгендер ғана балаларын оқытты, сауатын ашты. Мен де ауыл молдасынан әліпбиді үйренген жанмын – деп бастайтын ол әңгімесін. Кейін Кеңес үкіметі тұсында қазіргіше білімімді жетілдіруге мүмкіндік туды. Малдәрігерлік оқу бітірдім. Өткен-кеткен әңгімелерді біз қазіргідей газет-журналдардан оқыған емеспіз. Біздің көзімізді ашқан әкелеріміз бен алдағы буын ағаларымыз болды. Олар қазақ елінің өткені жайлы ұзақ сонар әңгіме айтар еді. Сонда: – Е, бұл қазақтың басынан нелер өтпеді? Қазақ – қазақ болғалы талай құқайларды бастан өткеріп келді емес пе? Соның бірі – «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен халықтың есінде қалған жоңғарлар салған қырғын соғыс болатын.
…Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Қарындастан айырылған жаман екен, Екі көзден мөлтілдеп жас келеді…
Міне, бұл өлең жолдары да сол ақтабан шұбырынды жылдарда қазақтың басынан өткерген қасіретті бейнелеген, кейінгі ұрпаққа жеткен дүние. 1723 жылы бейбіт жатқан елге тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғар қалмақтары оңтүстік өлкені тұтас басып алды. Олардың ендігі мақсаты – қазақ үшін қасиетті жер, Ұлытау тауларын бетке алып, Арқаға бойлай ену еді. Жоңғар қалмақтарымен болған шайқастарға Тілеулі бабамыз да қатысқан. Оның осы шайқастарға қатысуына мына бір жағдай себеп болады.
Бірде жас жігіт аң аулап, жортып жүріп, әбден шаршаған соң ат суытып, өзі де бір сәт көз шырымын алып, тынығу үшін тұлпарынан түсіп, ер-тоқымын жастанып, көкорай шалғынға жата кетеді. Жолсоқты болып қажығандықтан лезде көзі ілініп кетіпті. Қанша уақыт жатқаны белгісіз, бір кезде ақ киімді, ақ сақалды, қолында асатаяғы бар бір қария жанына келіп тоқтап: – Балам, неғып жатсың? Қазір өзіңдей жас жігіттердің жататын кезі ме, шығыстан қара бұлт төніп, ел басына қаралы күн туды. Тұр, балам. Көтер басыңды. Байқаймын, ел қорғаны боларлық азамат екенсің, батамды берейін, жай қолыңды, – дейді қария. Қарияның сөзіне таңқалса да, Тілеулі шын ниетімен екі қолын жаяды.
Сонда қария: Қанжығаның қанынан бердім, Тебінгінің терінен бердім. Бет алған тұсыңнан бердім, Ақ найзаның ұшынан берді. Мыңғырған малды бол, Тұқымың тарап, мың-мың жанды бол. Батырлардың алды бол, Шебіңнен жау өтпесін, Басыңа қонған бақ-дәулет, тепкілесе кетпесін, – деп Қыдыр ата батасын берген екен.
Жігіт шырт ұйқыдан оянып, жан-жағына қараса ешкім жоқ. Өзінің көргені түс екенін сезген Тілеулі жедел атын ерттеп, жолға шығады. Бірер белестен асқанда алдынан суыт жүріп келе жатқан жолаушылар кездесе кетеді. Түрлеріне қараса жай жүргіншіге ұқсамайды, асынған қару-жарақтары да олардың жәй адам емес екенін аңғартады. Бұл да сақтанып, қаруын дайындап, жақындай түседі. Әлгілердің ішінен қаракер тұлпар мінген біреуі суырылып шығып, Тілеуліге найза салады. Ол да қапы қалмай, найзаны қағып жібереді. Қылыштасу басталады.
Осындай бір сәтте Тілеулі: – Е, Алла, бір өзің жар бола көр, – деп жалбарынады. Мұны естіген қарсыласы: – Әй, сен қазақпысың? – дейді. Осыдан кейін ғана екеуі тоқтап, өздерінің қазақ екендерін түсінеді. Құшақтасып танысады. Бұл – Тілеулінің болашақ қандыкөйлек досы Шақшақ Жәнібекпен алғаш кездесуі еді.
Ол Жәнібекке еріп, Әбілқайыр ханға қосылып, туған жерді қорғау жолында шайқастарға қатысады. Қыдыр батасы дарып, Тілеулі батыр ерлігімен көзге түседі.
Бұланты шайқасы қазақ халқы үшін шешуші кезең болды. Осы шайқаста Тілеулі жекпе-жекке шығып, жоңғар батырын жеңеді. Осыдан кейін оның есімі елге жайылады.
Тілеулі Үш жүздің біріккен жасақтары құрамында Қыпшақ қолын басқарған. Тама Есет батырмен бірге шайқасып, оны ұстаз тұтқан. Аңырақай шайқасында Есетті жау қоршауынан құтқарып қалған.
Кейін бейбіт өмірде де елін қорғап өткен. Есет батырдың қарындасы Жапалаққа үйленген. Олардан Нияз би туған.
Тәуелсіздік алғаннан кейін батыр бабалар есімін жаңғырту қолға алынды. Тілеулі батырдың да есімі қайта жаңғырып, зерттеле бастады.
Ұзын Қыпшақ Тілеулі Әбдірахманұлы 1690 жылы дүниеге келген. Ол – жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қол бастаған батыр, қолбасшы.
Ол Бұланты–Білеуті, Аңырақай шайқастарына қатысып, Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Есет батырлармен бірге ел қорғаған.
Әбіш Кекілбаев та өз еңбектерінде Тілеулі батырдың ерлігіне жоғары баға берген.
Тілеулі батыр Әбілқайыр ханның сенімді серіктерінің бірі болған. Бұл туралы «Айқап» журналындағы деректерде де айтылады.
Қазақ жерін қорғап қалған бабаларымыздың ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Олардың қайсарлығы мен бірлігі Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған рухани тірек болып табылады.
Сондықтан батырларымызды ұлықтау – әрбір азаматтың парызы.
Шахман РАХМЕТОВ,
«Құрмет» орденінің иегері.