Қарсақбайдағы тағылымды тағзым

Ұлытау–Жезқазған өңірінде биыл тағылымы терең, тарихи мәні айрықша мерейтой кең көлемде аталып өтуде. Академик, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың Ұлытау–Жезқазған аймағына келіп, еңбек жолын бастағанына 100 жыл толуына және 12 сәуір – ғалымның туған күніне орай ұйымдастырылған сондай бір салтанатты іс-шара елдік ойды жаңғыртқан маңызды басқосуға айналды.

Бұл тағылымды шара «Қазахмыс» Корпорациясы ардагерлер кеңесінің бастамасымен жүзеге асып, Ұлытау ауданы әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасының қолдауына ие болды. Өңірдің өткені мен бүгіні, келешегі тоғысқан жиын мазмұны жағынан да, маңызы тұрғысынан да айрықша сипат алды.
Салтанатты шараның алғашқы бөлімі Қарсақбай кентіндегі тарихи мәдениет үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатудан басталды. Бұл – кездейсоқ таңдау емес, терең тарихи сабақтастықтың көрінісі.
1926 жылы дәл осы ғимаратта Қарсақбай ауданының құрылғаны жөнінде алқалы жиын өткен. Сол кезеңде өңірге жас геолог болып келген Қаныш Сәтбаев осы мәдениет үйінде жергілікті халықпен кездесіп, Ұлытау–Жезқазған аймағының болашағы туралы алғашқы ғылыми пайымдарын ортаға салған еді. Яғни, бұл орын – тек мәдени ошақ емес, қазақ индустриясының бастау бұлағына айналған киелі мекен.
Мемориалдық тақтаның ашылу рәсімінде Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Сакипов сөз сөйлеп, жиналған қауымды айтулы тарихи оқиғамен құттықтады.
Іс-шара аясында ардагерлер мен жастардың қатысуымен тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Басқосуда ғалымның өмір жолы, ғылыми қызметі және Ұлытау–Жезқазған өңірін дамытудағы тарихи рөлі кеңінен әңгіме арқауына айналды.

Қарағанды облысы мен Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, құрметті металлург Төлеген Бүкіров сала тарихына тоқталып, маңызды ой қозғады. Ол Қаныш Сәтбаевтың тек кен орнын емес, тұтас ғылыми көзқарас пен өндірістік мәдениетті аманаттап кеткенін айтып, мұраны жүйелі дамыту қажеттігін атап өтті.
Мәдениет үйінде ұйымдастырылған көрмеде Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өңірдегі ғылыми қызметі мен мол мұрасы жан-жақты таныстырылды. Архивтік құжаттар, фотосуреттер мен тарихи деректер келушілерге өткен ғасырдың өнегелі кезеңінен сыр шертті.

Шара аясында Қарсақбай мектебінің ауласына ағаш көшеттері отырғызылып, бұл бастама ұрпақтар сабақтастығының символына айналды. Қатысушылар Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин музейіне де барып, аймақтың индустриялық даму кезеңдерімен танысты.
Бұл мерейтойлық шара тек өткенді еске алу емес, бүгінгі даму бағыттарын саралайтын маңызды алаңға айналды. Қаныш Сәтбаевтың өңірдегі қызметі шикізаттық базаны игеруден бастап, ғылыми-индустриялық кешен қалыптастыруға дейінгі жүйелі жұмыстың үлгісі болды.
Бүгінгі таңда сол мұраны тиімді пайдалану және жаңа деңгейге көтеру мәселесі өзекті. Сондықтан өндірісті терең өңдеуге көшу, жоғары қосылған құнды өнім шығару және инновация енгізу маңызды.
Қарсақбайда өткен бұл тағылымды шара – ұлы ғалымға тағзым ғана емес, келешекке бағытталған ойлы қадам.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.