Халық таңдауы – ел болашағы

15 наурыз күні елімізде өткен Республикалық референдум аясында Ұлытау ауданында саяси науқан жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аудан бойынша 25 дауыс беру учаскесі таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастап, мемлекеттік Әнұранмен ашылды.

Ауданда дауыс беруге құқылы 6 524 сайлаушы тіркелсе, таңғы уақыттан бастап тұрғындар белсенділік танытып, учаскелерге ағылды. Барлық дауыс беру орындары қажетті техникалық құралдармен толық қамтамасыз етіліп, интернет байланысы, электр қуаты және өзге де жүйелер үздіксіз жұмыс істеді.
Референдум барысында қоғамдық тәртіп сақталып, дауыс беру үдерісі заң талаптарына сай өтті. Алғаш болып келген азаматтарға арнайы сый-сияпаттар табысталып, тұрғындардың белсенділігіне алғыс білдірілді.

Алғашқы дауыс – азаматтық белсенділіктің үлгісі

15 наурыз күні өткен Республикалық референдум аясында Ұлытау ауданында тұрғындар жоғары белсенділік танытты.
Соның айқын дәлелі – аудан тұрғыны Зукен Ершұманова №123 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып емес, ең бірінші болып келіп, өз таңдауын жасауы.
Ауыл тұрғыны дауыс беру учаскесіне таңғы сағат 06:00-ден бастап келіп, оның ашылуын күткен. Оның айтуынша, референдумға қатысу – әрбір азаматтың парызы.
– Референдумда өз дауысымды беруді азаматтық міндетім деп білемін. Сол себепті жыл сайын ерте келуді әдетке айналдырдым. Биыл да бірінші болып дауыс беру үшін учаске ашылғанша күттім. Еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімге алғашқы болып үлес қосқым келді, – дейді ол.
Айта кетейік, референдум күні аудан бойынша барлық дауыс беру учаскелері өз жұмысын уақытылы бастап, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды. Ал, Зукен Ершұманованың бұл әрекеті – ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.

ЖАСТАР ТАҢДАУЫ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Қарсақбай кенті тұрғындары 15 наурыз күні өткен Республикалық референдум барысында жоғары белсенділік танытты. Соның ішінде жастардың қатысуы ерекше көзге түсті. Алғаш рет дауыс берген азаматтардың қатарында Рауан Айтболат та бар.
Ол референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасап, азаматтық жауапкершілігін көрсетті. Алғашқы дауыс беру – әрбір жас үшін маңызды әрі жауапты қадам. Бұл олардың қоғам өміріне араласуға дайын екенін, ел болашағына бейжай қарамайтынын айқындайды.
Рауан Ерланұлы үшін бұл күн ерекше әсерге толы болды. Ол өзінің азаматтық позициясын білдіру арқылы ел дамуына үлес қосуға мүмкіндік алғанын атап өтті. Мұндай қадам жастардың елдік мәселелерге деген қызығушылығын арттырып, олардың белсенді азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
Жалпы, Қарсақбай кентінде жастардың референдумға қатысуы – өсіп келе жатқан буынның ел болашағына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Жастардың саяси науқанға араласуы қоғамдағы азаматтық мәдениеттің дамуына және елдің ертеңіне деген сенімді нығайтуға негіз болмақ.

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА ДАМУ КЕЗЕҢІ

15 наурыз күні өткен Республикалық референдум қорытындысы бойынша азаматтар Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қолдап, ел дамуының жаңа бағытына сенім білдірді. Бұл шешім қоғамның жаңғыруға, әділетті әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға деген ұмтылысының айқын көрінісі болды.
Жаңа Конституция елдің саяси жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды құжат ретінде бағалануда. Сарапшылардың пікірінше, енгізілген өзгерістер мемлекеттік институттардың ашықтығын арттырып, халықтың билікке деген сенімін күшейтеді.
Тарихи тұрғыдан алғанда, Конституцияға енгізілген жаңашылдықтар – елдің даму эволюциясындағы маңызды кезеңдердің бірі. Әрбір реформа қоғамның сұранысына жауап беріп, мемлекеттің заман талабына бейімделуіне жол ашады. Бұл өзгерістер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруға бағытталған.
Жаңа Конституцияның қабылдануы – тек құқықтық құжаттың жаңаруы ғана емес, сонымен қатар, елдің болашақ даму бағдарын айқындайтын маңызды тарихи қадам. Ол қоғамдағы әділдік, теңдік және заң үстемдігі қағидаттарын нығайтып, әр азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін терең түсінуіне ықпал етеді.
Осылайша, референдум арқылы қабылданған өзгерістер Қазақстан үшін жаңа даму кезеңінің бастауына айналып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді арттыруға негіз қалап отыр.

ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУ – САНАЛЫ ТАҢДАУДЫҢ НЕГІЗІ

Аптаның басында «Жаңа Конституция: қоғам дамуына жаңа серпін» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған ардагерлер мен қоғам өкілдері қатысты. Іс-шара барысында ел дамуының өзекті мәселелері талқыланып, азаматтық ұстаным мен құқықтық мәдениетті арттыру бағытында пікір алмасу өтті.
Жиын барысында Ұлытау аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Сәрсембекұлы жүргізіліп жатқан реформалардың мәні мен маңызына тоқталып, олардың қоғамдағы ашықтықты арттыруға және басқару жүйесін жетілдіруге ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының жүзеге асу барысы кеңінен сөз болды.
Дөңгелек үстелге қатысқан ақсақалдар да өз ой-пікірлерін білдіріп, ел бірлігі мен тұрақтылықтың маңызын ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, қоғамдағы кез келген өзгеріс ең алдымен халықтың қатысуымен, ортақ келісім мен түсіністік арқылы жүзеге асуы тиіс. Ардагерлер жастарды елдік мәселелерге бейжай қарамай, белсенді азамат болуға шақырды. «Бүгінгі таңда қабылданып жатқан шешімдердің барлығы елдің ертеңіне тікелей әсер етеді. Сондықтан, әр азамат өз таңдауына жауапкершілікпен қарап, қоғам дамуына үлес қосуы қажет», – деген пікірлер айтылды.
Ақсақалдар сондай-ақ, құқықтық сауаттылықты арттыру, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың отансүйгіштік рухын нығайту мәселелеріне назар аударды. Олардың ойынша, мұндай қоғамдық талқылаулар ел ішінде түсіністік пен сенімді арттырып, саналы таңдау жасауға негіз қалайды.
Жалпы, дөңгелек үстел қоғам мен билік арасындағы ашық диалогтың маңызды алаңы екенін көрсетіп, ел дамуы жолындағы ортақ жауапкершілікті айқындай түсті.

ТҮЙІН

Сайып келгенде, Ұлытау ауданы тұрғындарының референдумға жоғары деңгейде қатысуы – олардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді.
Бұл – бірлік пен жауапкершіліктің, отансүйгіштіктің нақты дәлелі. Сарапшылардың пікірінше, мұндай саяси науқандар халықтың азаматтық белсенділігін арттырып қана қоймай, мемлекеттің тұрақты дамуына да негіз қалайды. Ұлытау жұртшылығы бұл жолы да ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.