Атаның сөзі – тәрбие көзі
Кейде бір ауыз сөз тұтас өмірді көтеріп тұрады. Алғашқыда байқалмайды, тіпті артық сияқты көрінеді. Бірақ оны терең ойласаң, салмағы бар екенін түсінесің.

«Мал-жан аман ба?» – жай амандасу емес. Бұл – тіршіліктің, тыныштықтың таразысы. Сол сөздің ішінде үй ішінің амандығы, күннің қалай өткендігі, түннің тыныштығы бар. Ашып айтылмайды, бірақ бәрі сезіледі. Ерте кезеңдерде бұл сұрақ ерекше мәнге ие болған. Амандық бар жерде тіршілік те, үміт те бар.
Бүгінгі өмір өзгерді, тіршіліктің сипаты басқа. Бірақ басты сұрақ өзгермеген. Біз әлі де бір-бірімізден алдымен «амансың ба?» деп сұраймыз. Бұл – ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан қазақы дәстүр. Сондықтан бұл сөзді жай сөз деп қалдырмаңыз. Ол – тұтас бір өмірдің қысқаша мазмұны. Тыныш күннің, аман елдің, орнықты тіршіліктің белгісі.
Бала кезде көп нәрсені сырттай ғана көріп, мәніне жетпей жүресің ғой. Күн ұзақ далада ойнап, кешке шаршаған күйі атамның жанына барып отыратынмын. Атам Қасымбек сабырлы еді: даусы төмен, әр сөзін ойланып айтатын. Сол дауыс әлі күнге дейін есімде бар.
Бірде атам жусанды иіскеп:
– Балам, жусан иісі әдемі екен, сездің бе? – деді.
– Иә, ата… – дедім, бірақ сол кезде ештеңеге көңіл бөлмей, жай жауап бере салдым.
Ағайын-туыс бастары қосылғанда амандық сұрасып жатады. Атам әдетінше:
– Мал-жан аман ба? – деді.
Таңырқадым.
– Ата, неге алдымен мал? – дедім.
Атам жай ғана жымиып:
– Мал – тіршіліктің қамы. Мал аман болса, көңіл тоқ, жан тыныш, – деді.
Сол сәтте ұғынбадым. Баланың ұғынуы кейін келеді екен. Атам баяу сөйлейтін. Сөйлемдерінің арасында ұзақ тыныс бар. Ойын баласы болсам да атамды тыңдаудан жалықпайтын едім. Артқа көз тастасам, сол баяулықтың өзінде тәрбиелік мәні бар өмірдің өлшеуі жатыр екен. Түсіну үшін жылдар керек болған екен ғой.
Атамның әңгімесінің көбін мән бермей өткізіппін. Кейін ғана қайсысының ішінде даналық, қайсысында тіпті үнсіз сабақ жатқанын сездім. Уақыттың өзі бір күні иықтан түртіп: «міне, түсінетін кезің осы» деп әкеледі екен.
Жетпістің қақпасына таяғанда уақыттың дыбысы өзгеше естіледі екен. Бұрын да сағат тықылдайтын, бірақ құлаққа кірмеген. Енді сол тықыл шындықтың дәл жанында тұрғандай.
Ақмолада өткен жылдар… қала дамыды, халық көбейді. Бірақ байқамайсың: уақыттың сені біраз жерге әкеліп тастағанын. Сол уақыттың ішінде тірі адам жаны қайғыны да, қуанышты да көтере біледі екен. Оны бір сөйлемге сыйғызу қиын. Тіпті бір күннің өзі жетпейді. Қуаныш та, өкініш те, қайғы да қатар жүрді. Құдандалы, жекжат араласқан, немере шулaған, дастархан толған… бәрі бір-бірінің орнын алып, мөрін басып кетіп жатыр.
Кейде ойлаймын: өмірдің бәрін көрдім бе, әлде жартысын ғана ма? Өмір өзі есепшідей – көргеніңді де, көрмегеніңді де жазып жүретін сияқты. Сосын бір күні есікке келіп: «осымен жеткілікті» дейтін шығар.
Атамның үні алыстан естіледі. Бұрынғыдай еркелетіп «асықпа» демейді. Тек тыныш тұрып, салмағын сездіреді. Сол үнде бір дәуірдің демі бар.
Бір күні Ақмоланың у-шуында анам Шахвазияға телефон шалдым:
– Мал-жан аман ба? – дедім.
Өзім де таңғалдым.
Анам күліп:
– Атаңның сөзі ғой, балам, – деді.
Сол сәт ауыл көз алдымда қайта тірілді – жусанның иісі, ұзақ жолдар, кешкі малдың дауысы.
Таңғы салқынмен атам мені шөпке алып кететін. Малды шығарып, сиыр саууға көмектесетінмін. Атам әр әрекетке мән беретін:
– Балам, көрдің бе, малға асығуға болмайды. Асықсаң қорқады. Сабыр – бәрінен маңызды.
– Иә, ата, – деймін, бірақ ішімде бәрін тез бітіргім келеді.
Кешке Кеңгірдің суын тыңдайтынбыз. Желдің арасынан атамның даусы шығып тұрғандай:
– Бұл су да тіршілік. Қанша асықсаң да, өз жолымен ағады, – деді.
Сол кезде бәрі өзінен өзі реттелетіндей көрінді.
Қазір кейде шөп үстіне жайғасқандай күйге түсіп, өз-өзіме:
– Мал-жан аман болсын… – деп күбірлеймін.
Жүрек іштей жылы жауап береді.
Жол қанша ұзаса да, түбі туған жерге, қарашаңыраққа барып тіреледі. Адамның тілегі де сондай – өз тамырына қарай бұрылады.
Балаларымның еңбегі еленіп, жолдары ашық болса екен. Бастаған істері берекелі болып, маңдай тері зая кетпесін. Ең бастысы – дендері сау, жүректері тыныш, өз еңбегінің жемісін көрсін. Мал-жан аман болып, қарашаңырақтың түтіні түзу шықса екен дейсің – басқа не керек?
Бұл бір сөздің тоқтаған жері шығар. Бірақ әңгіменің өзі бітпейді. Әр күн сайын жаңа ой келеді, жаңа тілек туады.
Ерғали ҚАСЫМБЕКОВ.
