«Анненская» шахтасының жұмысшылары конституциялық реформаны және алдағы референдумды қолдады
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Сәтбаев қаласындағы «Анненская» шахтасының жұмысшыларымен кездесу өтті.

Кездесуге Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева және депутаттар, заңгерлер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Жаңа Конституция жобасындағы еңбек адамына, өндірістегі қауіпсіздікке, әділ ережелерге және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігіне тікелей қатысты нормаларға ерекше назар аударылды.
«Преамбуладан-ақ жобаның негізгі мәні көрініп тұр. Ол «Біз, біртұтас Қазақстан халқы…» деген сөздермен басталады. Бұл – өте маңызды акцент: Конституцияның авторы – бүкіл халық. Демек, еліміздің даму ережелері қандай болатынына бәріміз бірдей жауаптымыз. Преамбулада еңбек адамдарына ерекше жақын бағдарлар айқын көрсетілген: еңбек пен білімге құрмет, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік,«Заң мен Тәртіп» қағидаты, әділеттілік пен тұрақты дамуға арқа сүйеу. Шахта үшін бұл ұғымдар өте нақты мәнге ие. Тәртіп пен жүйе болмаса – қауіпсіздік болмайды. Ал әділ ережелер мен жауапкершілік болмаса – ұжымда да, қоғамда да сенім болмайды», – деді Аида Балаева.
Жүздесуге қатысушылар өнеркәсіптік өңір үшін және «Анненская» шахтасы сияқты кәсіпорындар үшін еңбекті қорғау, тәртіп, ережелердің тұрақтылығы және жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсету мәселелері ерекше маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар өнеркәсіп саласы ұшырасып отырған заманауи сын-қатерлерге де назар аударылды.
Кездесуде еңбек ұжымының ұстанымын өндіріс өкілдері де білдіріп, шахтерлер үшін қауіпсіздік, тәртіп, әлеуметтік қорғалу және еңбек адамына құрмет ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

