Өнер майталманы

Тұрсынбек Қайсынов… Жезді-Ұлытау өңірінің өнері мен мәдениетінің тарихында дараланып көрінетін тұлға. Тіпті, 1970-1990 жылдардағы өңірдегі көркемөнерпаздар қозғалысын, халықтың шығармашылық өнерге деген ерекше ықыласы мен әуестігін Тұрсынбексіз, дәлірек  айтсақ, Тұрсынбектің бейнесінсіз елестету мүмкін емес. Талантты музыкант, ансамбль жетекшісі, хор дирижері, концертмейстер, мәдениет үйінің меңгерушісі, балалар саз мектебінің директоры… Ал, ең бастысы, ол – тыңдарман жүрегін әсем әуен, сиқырлы сазбен тербете білген һас шебер.

Тұрсекең1971-1974 жылдары Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы музыкалық  училищенің халықтық бөлімі мен аккордеон класын үздік тамамдаған. Бала кезінен баян мен аккордеонды, скрипка мен домбыраны нотасыз өздігінен тартып үйренген талант еді. Аккорд, яғни, әртүрлі биіктегі дыбыстарды үйлестіруші аспаптың қасиеті Тұрсынбектің  өзіне де тән дүние. Оның үлкен ұйымдастырушылық қабілеті, озық тәлімгерлігі, кез келген жеткіншекті өнер әлеміне үйіріп әкететін ұстаздығы бір төбе.Ол  ұйымдастырған қандай ансамбльдің болсын, көркемдік деңгейі,орындаушылық шеберлігі жоғарғы деңгейде еді. Әр аспаптың дыбысын тыңдап, аккорд пен барлық әуендердің ноталарының  гармониясын реттеп беріп, ансамбльдің әр мүшесінің аспапта ойнауын қадағалап, үйретіп отыратын. «Жезді жұлдыздары» халықтық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі ретінде көптеген жас музыканттарды тәрбиелеп, оларды эстрада жанрына баулыды.

Тұрсынбек басқарған әйгілі «Жезді жұлдыздары» халықтық ән-би ансамблі Мәскеуде І Бүкілодақтық жастар фестивалінің лауреаты атағын жеңіп алып, өзі ВДНХ-ның  Алтын медалімен марапатталды. 1973 жылы «Жезді жұлдыздары» ансамблі ауыл шеңберінен шығып, Одаққа танылды. 1976 жылы мамыр айында Мәскеуде ВДНХ мен «Жұлдызды қалашықта» өнер көрсетті. Қазақстаннан барған «Мерке әуендері» ансамблімен үзеңгілес түсіп, конкурстың жүлдегері атанды. «Аудандық болғанымен, ірі қалалардың ансамбльдерінен кем емес екен. Әндерінен ләззат алдық. Көпке дейін ұмытпаспыз бұл ғажап әуенді», – деген екен мәскеуліктер. Байқау қорытындысында «Жезді жұлдыздары» бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

1981-87 жылдар аралығында Жезді кен басқармасының «Кеншілер» мәдениет сарайының директоры болып жүрген кезінде кенші жастардың «Радуга» вокальды-аспаптар ансамблін  ұйымдастырды. Кеншілер сарайында, жазғы саябақтың би алаңындағы ойын-сауықтар Тұрсекең ұйымдастырған ансамбльдердің сүйемелдеуімен өтетін. Сол кездегі жанды әуен мен саздың ырғағы қандай болды десеңші!

Тұрсынбек музыка десе ішкен асын жерге қойып, тәуліктің кез-келген сағатында сахнаға шығатындай үнемі шығармашылық бабында жүретін табиғи талант иесі еді. Көпұлтты кеншілер еңбек ұжымының мәдени өмірін ұйымдастыруға аянбай тер төгіп, абыройға бөленді. Түрлі шығармашылық  үйірмелер ұйымдастырып, әр сенбі, жексенбіде кен басқармасы өндіріс цехтарының мәдениет күндері өтіп тұратын. Ол әртүрлі ұлт өнерпаздарының шығармашылық кештерін өткізіп, ән мен әуеннің сауаттылығына мән беріп, жастарды өнерге баулып  отырды.

Жездінің жезтаңдай әншісі, көптеген ән конкурстарының лауреаты Эдуард Казбан  екеуінің шығармашылық әрі өмірлік достығы – бір бөлек әңгіме. Э.Казбан Тұрсынбектің сүйемелдеуімен «Жезді жұлдыздары» ән-би ансамблінің құрамында Мәскеуден бастап, Қазақстанның біраз сахналарында ән салып, елдің қошеметіне бөленді.

Тұрсекең Жездіде алғаш ашылған балалар саз мектебінде жастарға баян аспабын үйретіп, шәкірт тәрбиеледі. 1987-1993 жылдары аудандық балалар саз мектебінің директоры қызметін атқарды. Онда домбыра, қобыз, баян, аккордеон, фортепиано кластары бойынша сабақтар жүргізіліп, аспаптардың қыр-сыры үйретілді. 1993-1997 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі ретінде қыруар іс атқарып, аудандық, облыстық мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүретін.

Тұрсынбектің өңірдегі халық шығармашылығын дамытуға қосқан үлесі өте зор. Аудандағы өнер ұжымдарының, еңбек коллективтерінің есеп беру шығармашылық концерттерінің жоғары талғам деңгейінде өтуін қадағалап, көмегін беріп отырды.

Екі аудан қосылып, аудандық мәдениет бөлімі жабылғаннан кейін Тұрсынбек Қайсаұлы Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы драма театрына концертмейстер, музыкалық-көркемдік жетекші қызметіне ауысты. Ол жақта да өнер майталманы, музыкант ретінде үлкен беделге ие болды. Драма театры қойылымдарының музыкалық  сүйемелдеушісі ретінде танылды.     

Тұрсынбектің өнер шыңы сағым секілді болып көз алдымызға келеді. Ол сонау Мәскеудің талғампаз сахнасы, театрдың сахнасы, мәдениет үйі, ауылдың аядай клубы болсын, үнемі бабында, аккордеоны мен сентизаторы жанында, өнерпаздар маңында  жүретін. Әуен мен адамның осы бір үйлесімдігі жүрегімізде мәңгілік сақталып қалғандай. Сырнайынан төгілген әсем сазды әуен сағынышқа айналған оның өнер шыңы басқалардан асқақтау, биіктеу көрініп тұрады.

Өнерге қатысты тамаша жоспарлары, ойлары бар Тұрсынбектің арманы 2004 жылы аяқ астынан болған инсульттен кейін кілт үзілді. Қайран өнерпаз ауырып, төсекке таңылғанда, жан-дүниесін кезген ойлар мен толғаныстар қандай болды екен?!  

2012 жылы музыкаға жан-тәнімен берілген, өте қабілетті, замандастары «компьютер- музыкант» деп атаған асыл азамат өмірден өтті.

Өкінішті-ақ, бірақ уақыт өткен сайын талантты музыкант, саз аспаптарының тамаша маманы Тұрсынбек Қайсыновтың бейнесі биіктеп бара жатқандай…

P.S. 2022 жылы туғанына 75 жыл толуына орай, аудан, кент әкімдіктері, ақсақалдар алқасы тарапынан қолдау болып, Тұрсынбек  Қайсынов атындағы мәдени іс-шаралар өткізілсе, Жезді кентіндегі Мәдениет үйіне есімі берілсе деген тілегіміз бар. Бұл бастаманы оның өнері мен еңбегін бағалайтын ел-жұрты толық қолдайтыны күмәнсіз.

Мұхит УАТАЕВ,

М.Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі

тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің әдіскері.

Суреттерде:

Тұрсынбек Қайсынов.

«Жезді жұлдыздары» вокалды- аспапты ансамблі.