Дропперлік оңай табыс па, әлде қылмыстық жауапкершілік пе?
Соңғы жылдары қоғамда «дроппер» деген ұғым жиі айтыла бастады. Көптеген адамдар бұл сөздің мағынасын толық түсінбей, оны оңай жолмен ақша табудың тәсілі деп ойлайды. Алайда, шын мәнінде дропперлік — алаяқтықтың жаңа түрлерінің бірі және ол азаматты қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін.

Дроппер деп – өз атына ашылған банк картасын немесе есепшотын басқа адамдарға пайдалануға берген тұлғаны айтады. Алаяқтар мұндай адамдардың карталарын заңсыз ақша айналымына, күмәнді операцияларға және интернет-алаяқтыққа пайдаланады. Соңында банк картасын берген адам «мен білмедім» десе де, қылмысқа қатысы бар тұлға ретінде тергеуге тартылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, өзіңнің жеке банк шотыңды басқа адамның заңсыз әрекеттері үшін пайдалануға мүмкіндік беру – қаржылық алаяқтыққа қатысу болып саналады. Мұндай жағдайларда азамат бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.
Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары дропперлік пен интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп отыр. Прокуратура қызметкерлері азаматтарға жеке деректерді қорғаудың маңыздылығын, күмәнді ұсыныстарға сенбеуді және өз банк картасын бөгде адамдарға бермеуді ескертеді.
Дропперді әртүрлі шоттар арасында заңсыз алынған ақшаны аудару үшін жалдайды. Бұл қылмыскерлерге іздерін жасыруға және тергеу жұмысын қиындатуға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда алаяқтық аударымдар әртүрлі елдерде және әртүрлі адамдардың атынан жасалуы мүмкін. Дроппер өз «қызметі» үшін банк картасы арқылы аударылған ақшаның белгілі бір пайызын алады.
Дропперлердің негізгі түрлері: дроп-обнал (қолма-қол ақша жасаушылар) – алаяқтардан келген ақшаны банкоматтан шешіп, қылмыскерлерге береді; дроп-транзит – ақшаны өз шотына қабылдап, оны әрі қарай басқа шоттарға аударады; дроп-залив – басқалардан қолма-қол ақша алып, оны өз шотына салып, аударымдар тізбегін жалғастырады.
Алаяқтар көбіне тәжірибесіз жастарды, студенттерді немесе жұмыссыздарды «оңай табыс» уәдесімен арбайды. «Тек картаң керек, күніне 1-2 сағат жұмыс істеп, үлкен ақша табасың» деген хабарландырулар таратады. Кейде «қате аударым» жасадым деп, ақшаны басқа шотқа қайтаруды өтінеді. Немесе заңды компанияның (мысалы, логистикалық немесе микроқаржылық ұйым) атын жамылып, «қаржылық делдал» болуды ұсынады.
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанның Қылмыстық кодексіне 232-1-бап енгізілді. Ол бойынша дропперлікке қатысқаны үшін нақты жазалар қарастырылған. Өз банк картасын немесе шотын заңсыз пайдалануға бергені үшін – 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, алаяқтардың мүддесі үшін ақша аударып немесе төлем жасағаны үшін – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Егер шотқа немесе картаға заңсыз қол жеткізілсе, мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Маңызды: «Мен қылмыс екенін білмедім» деген сылтау жауапкершіліктен құтқармайды. Алаяқтық жолмен ұрланған барлық соманы сот шешімімен дроппердің өзінен немесе оның ата-анасынан өндіріп алуы мүмкін.
Ұлытау ауданының прокуратурасы.

