Таеквондоның тарланы, жігіттің арланы еді…

Танымал спортшы, Қазақстанда таеквондо спортының негізін салушы Мұстафа Өзтүрік 1954 жылы Түркияның Қайсері қаласына қарасты Мұсаходжалы ауылында дүниеге келген. Найман тайпасының Байжігіт руынан шыққан. Өз айтуынша: «Ата-бабалары Шығыс Қазақстаннан. Аталары Әлкенбай, Төлебай деген кісілер болған. Олар ел басқарған, би болған азаматтар. Әкесінің аты – Кәбен. Ол кісі кітаптар жазған. Бірақ баспаға шықпаған. Халық әкемді қажы Кәбен деп таниды. Ол балуан болыпты», – дейді спортшы.

Әкесі Кәбеннің екі әйелі болған. Алғашқы жары Мәликеден ұрпақ болмапты. Содан 1941 жылы Рәзияға үйленеді. Бірақ оның алғашқы екі баласы шетінейді. 1954 жылы Мұстафаны, кейін Ферухан атты қызды өмірге әкеледі. Кәбеннің бәйбішесі Мәлика Мұстафа мен Феруханды өз баласындай жақсы көріп, бауырына басыпты. Мұстафа әкесінің тағдыры ауыр болғанын, ата-анасының Түркияға жетуі үшін қаншама қиындық көргенін былайша баяндайды: «Әкем Шығыс Қазақстаннан Қытайдың Баркөл деген жеріне орналасыпты. Сол жерден көш басталады. Алтай, Гималай тауларын асып, шөлдерді өтіпті. Жолда мыңдаған қазақ қырылыпты. Олар Тибетті асып, кейбіреуі Үндістан, Пәкістанға барған. Сол жақта қоныстанып, біраз уақыт тұрған. Он шақты жыл тұрған қазақтар да болыпты. Бірақ біздің ауыл онда көп тұрмаған екен. Сөйтіп, Түркияға барған. Түркиялықтар бізді «бауырымыз, қандасымыз» деп, қазақтарға үй, жер беріп, жәрдем көрсеткен».Екі ананың арасында тел өскен Мұстафаны ешкім бетінен қақпаған. Стамбұлдағы орта мектептердің бірінде білім алған. Кейіннен Тайваньдағы эксперименталды университетті және халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетінде білім алған. Қытайға оқуға түскенде Мұстафа 14 жаста болыпты. Ол қазақ тілінен бөлек, түрік, неміс, жапон, қытай, корей тілдерінде сөйлеген. Қазақтың «тектіден текті туады, ата жолын қуады» дегені тегін айтылмаған, дейді білетіндер. Мұстафа Өзтүрік әкесі Кәбен 1980 жылы дүниеден өткенде жаны күйзеле отырып өзі сөзін жазып, «Жұлдыздарды тілейсің бе?» атты ән шығарады. Бұл ән уақыт өте келе Түркия қазақтарының сүйікті әндерінің біріне айналды. Бұл әнді танымал музыка маманы, дирижер Нұрлан Бекенов нотаға түсіріп, белгілі әнші Нұрай Танабаев орындауында жария болды. Оқуын аяқтап Түркияға оралған соң, Ыстамбұл қаласында өзінің алғашқы таеквондо мектебін ашады. Осы мектептен шыққан бірсыпыра шәкірті күні бүгін Түркия спортының әр саласында жоғары қызметтерде жүр. 1987 жылы Мұстафа Германияның Мюнхен қаласына қоныс аударды. Келесі жылы (1988) осы қалада таеквондо мектебін ашады. 1989 жылы Қазақстаннан бір топ зиялы азаматтар Германияға барған сапарда Мұстафамен танысады. Бұл сапар оның Қазақстанға келуіне себеп болады. Сол себепті 1990 жылдың басында ол атамекенге оралып, сол жылдың қазан айында Мюнхендегі шәкірттерін Қазақстанға алып келді. Бұл туралы досы Әбдуақап Қара айтқан.

Мұстафа Қазақстан мен Түркия арасындағы алғашқы ресми байланыстардың орнауына ықпал етті. Ол Түркия президенті Тұрғыт Өзал қабылдауында болды. Бұл кездесу Түркияда үлкен резонанс тудырып, нәтижесінде 1991 жылдың наурызында Түркия президенті Қазақстанға келді, кейін Қазақстан Президенті Түркияға сапарлады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Мұстафа Алматыға келіп, таеквондо мектебін ашты, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Қазақстан таеквондо федерациясының құрылуын ұйымдастырып, оның алғашқы президенті болды. Бүгінде елімізде Мұстафа Өзтүрік атындағы таеквондо федерациясы жұмыс істейді.

1994 жылы Мұстафа Жезқазған облысына келіп, «Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде» спорттық өнер көрсетіп, халықпен кездесу өткізді. Ол салмақты, сыпайы сөйлейтіндігін көрсетті. Сол сапарында жергілікті қонақтармен дастархан басында әңгімелесіп, Жезқазған экологиясы туралы да ой бөлісті.

Кездесу барысында ол халық әні «Арман-ай»-ды орындағанда көзіне жас алған. Кейін өнер зерттеуші Серік Оспанмен болған әңгімеде салт-дәстүрге құрметін көрсетіп, балаларға қатысты құда түсу әзілін айтқан. Ол атақ үшін емес, ұлт рухын көтеру үшін еңбек ететінін айтқан.

Мұстафа Өзтүрік 1995 жылы 15 наурызда Алматыда қайғылы жағдайда дүниеден өтті. Оның денесі Түркияда жерленді. Бүгінде Қазақстан мен Түркияда оның есімі ұмытылмай, ескерткіштер мен турнирлер арқылы құрмет көрсетілуде.

Серік ОСПАН,
өнер зерттеуші,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
.