Жезді сапары: халық үні мен билік диалогы

Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков Жезді кентінің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен барды. Іссапардың негізгі мақсаты – елді мекендегі инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйін көзбен көріп, тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдау, алдағы даму жоспарларын нақтылау болды.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы кент аумағындағы бірқатар маңызды нысандарды аралады. Атап айтқанда, жаңадан салынған тұрғын үйлердің құрылыс сапасына назар аударып, олардың қазіргі жағдайымен танысты. Қазіргі таңда аталған тұрғын үйлердің құрылысы толық аяқталған. Аудан әкімінің айтуынша, бұл үйлерді таяу арада бюджет қаражаты есебінен сатып алып, халық игілігіне беру жоспарланып отыр. Бұл – тұрғын үйге мұқтаж азаматтар үшін маңызды қадам.
Сондай-ақ, аудан әкімі кенттегі жаңа спорт кешенінің жұмысымен танысты. Аталған нысан жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына, бұқаралық спортты дамытуға серпін беретіні атап өтілді. Спорт кешенінің тиімді жұмыс істеуі – жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік бермек.
Іс-сапар барысында Аманжол Батырбекұлы ауыл тұрғындарымен бірге 2026 жылға жоспарланған Жезді кентінің кіреберісіне орнатылатын арканың орнын қарады. Кенттің келбетін айшықтайтын бұл нысанның орналасатын орны тұрғындардың пікірі ескеріле отырып мақұлданды. Бұл – жергілікті халықтың ұсыныс-пікіріне мән берілетінін көрсететін нақты қадам.
Аудан басшысы кәріз жүйесінің сұрыптау орнына да арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Нысанның техникалық жағдайын зерделей келе, оған қажетті ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жөнінде тиісті тапсырма берді. Бұл жұмыстар кенттің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталмақ.
Жұмыс сапары аясында аудан әкімі Жезді кенті тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар электр энергиясының тұрақтылығы, жолдардың жағдайы, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек мәселелерін көтерді. Аудан әкімінің орынбасары мен тиісті бөлім басшыларына көтерілген мәселелерді заң аясында қарастырып, нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырмалар жүктелді.
Жұмыс сапары қорытындысында Аманжол Мырзабеков Жезді кентінің даму әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, алдағы уақытта әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға басымдық берілетінін жеткізді. Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру – аудан басшылығы жұмысының басты бағыты екені тағы бір мәрте айқындалды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.