«Ақпарат ауылының» ақсақалы
(«Ұлытау» газетінің мерейтойына)
Тілімен айтар болсақ даналардың,
Газет – жүгін арқалар қара нардың.
Сен 80-ге келді деп хабар естіп,
Қолыма құттықтауға қалам алдым.
Қаншасы қалды артта сағым-белдің,
Жалауы бола білдің жалынды елдің.
Соқтықпалы, соқпақты жолда жүріп,
Маңдайыңа жазғанның бәрін көрдің.
Рухымен Мұқан-Баубек реңдендің,
Камалмен ортаң толып, түгенделдің.
Ұлы Отан соғысы жылдарында
Халқыңа қайрат бердің, жігер бердің.
Ұлытауды ұлттық темірқазық қылдың,
Тарихымды таусылмас азық қылдың.
Төбеңнен ЦК төніп тұрғанда да,
Халқыңның мұң-мұқтажын жазып тұрдың.
Кремль елді аузына қаратқанда,
Жасырын жалбарындың Жаратқанға.
51-де едің ғой есіңде ме,
Арайлап Тәуелсіздік таңы атқанда?
Самалы еркіндіктің ескен бөлек,
Сіз бен Біз болашаққа бек сенген ек.
«Ақпарат ауылында» ақсақал боп,
Отырсың төрде бүгін 80-ге кеп…
Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.