Ауданымызда Халықаралық сайлау күні аталып өтілді
2005 жылдың 6 ақпанында Будапештте өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы Конференциясы аясында құрылған Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын аталып өтілуде.

Бұған Қазақстан Республикасы да мүше болып табылатындықтан Еуропа елдерінің сайлауын ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасы бойынша жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде атап өту қарастырылған.
Бұл күнді өткізудің негізгі мақсаттары – қоғамның санасында демократияландыру процесінің қайтымсыздығын бекіту, сайлау процесіндегі жетістіктер туралы жұртшылықты хабардар ету, жас сайлаушылардың демократиялық құндылықтарға бейімділігін қалыптастыру, сайлаушылардың қатысу белсенділігін арттыру болып табылады.
Сайлау халықтық егемендікті іске асырудың, қоғамдық пікірді қалыптастыру мен білдірудің, мемлекеттік механизмінің жұмыс істеуінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі құралы болып табылады.
Біздің елімізде сайлау, Республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына негізделген. Азаматтар 18 жасқа толғаннан кейін сайлауға тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан дауыс беруге қатыса алады.
Біздің ауданымызда сайлауға дайындықты өткізуді тікелей ұйымдастыратын сайлау органдарының жүйесіне 1 аудандық аумақтық, 10 аудандық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік, 25 учаскелік сайлау комиссиялары кіреді. Бұл комиссияларда 182 адам қызмет етеді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының үш мүшесі кәсіби тұрақты негізде жұмыс істейді. Қалған комиссия мүшелері сайлау науқанында сайлауға ат салысады.
Осы орайда, 26 қаңтар мен 3 ақпан күні аралығында ауданымыздың учаскелік сайлау комиссияларында Дүниежүзілік сайлау күніне орай 6 ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.
Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметов ҚР Конституциялық «Сайлау туралы» Заңы бойынша «Сайлау комиссияларының бірыңғай жүйелері» негізінде түсіндірме сағатын, Шеңбер ауылдық округінде «Учаскелік сайлау комиссияларының өкілеттіктері» тақырыбында дөңгелек үстел, Сарысу ауылдық округінде «Сайлаудағы ашықтық» пікірталас, сонымен қатар, Ұлытау ауылдық округінің №124 сайлау учаскесінде «Мен сайлаушымын» дебаты, Жезді кенті №112 сайлау учаскесінде «Сайлау жүйесінің дамуы» интерактивті ойыны, ал Жезді кентіндегі №110 сайлау учаскесінде «Заңдылық пен ашықтық – демократиялық сайлаулардың кепілі» тақырыптары аясында іс-шаралар жүргізілді.
Аумақтық сайлау комиссиясының құрылған жоспарына сәйкес іс-шаралар өз мәнінде өтті.
Ұлытау ауданының аумақтық сайлау комиссиясы.
