«Ұлы Дала» ұғымы Конституцияның Преамбуласында пайда болуы мүмкін

1. Конституцияның преамбуласында ұлттық құндылықтарымыз нақты әрі айқын айқындалып, уақыт өткен сайын өзгермейтін берік негіз ретінде бекітілген.

Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің терең тарихи тамырлары көрініс тапқан. Қазақстан Республикасының Ұлы Даладағы ұлы мемлекеттердің заңды жалғасы екені нық мәлімделген.
Сондай-ақ мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы және аумақтық тұтастығы негізгі қағидаттар ретінде белгіленген. Бұл ұстанымдар Қазақстан Республикасының егемендігін, тұрақтылығын және қауіпсіздігін нығайту басымдығын көрсетеді.

2. Преамбулада «Әділетті Қазақстан» құндылықтық бағдары мен «Заң және Тәртіп» қағидаты бекітіліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы расталады. Бұл әділетті мемлекеттік басқаруға, заңдылықты нығайтуға және мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға ұмтылысты білдіреді.
Қоғамдық татулық пен орнықты дамудың негізі ретінде этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау мәселесіне ерекше мән берілген.
Мәдениет пен білім, ғылым мен инновациялар елдің бәсекеге қабілеттілігі мен адами капиталды дамытудың негізгі факторлары ретінде болашақтың басымдықтары болып айқындалған. Сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау және экологиялық әл-ауқат үшін жауапкершілік ортақ құндылық ретінде бекітіледі.

3. Сыртқы саясаттағы бейбітшілікке ұмтылу бағыты мен барлық мемлекеттермен ынтымақтастыққа ашықтықты сақтай отырып, жаңартылған преамбула халықтың бірлігіне, мемлекеттілікті нығайтуға, әділдік пен заңдылыққа, азаматтардың құқықтарын қорғауға, жаңғыртуға және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық келісімді көрсетеді.
Алдыңғы преамбула тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегі мемлекеттің және қоғамның шынайы ахуалын сипаттаса, қазіргі преамбула – қалыптасқан, кемелденген, жауапты әрі болашаққа нық қадам басқан қоғамды бейнелейді.
Мемлекеттік құрылыстың аталған қағидаттарының барлығы өзектілігін толық сақтап, еліміздің мақсаттарын, ұмтылыстары мен келешек даму бағдарын айқындайды.

I бөлім. «Конституциялық құрылыстың негіздері»

(«Жалпы ережелер» атауынан өзгертілген)

1. Бөлім атауының өзгеруі оның мазмұнын неғұрлым дәл көрсетіп, Қазақстан мемлекеттілігінің іргелі негіздерін айқындау қажеттілігімен байланысты.

2. Қазақстан Республикасының басқару нысаны нақтылап көрсетіліп, президенттік республика ретінде бекітілді.
Қолданыстағы норманың тұжырымдамалық тұрғыдан дәл еместігі жөнінде заңгерлер тарапынан бұрыннан мәселе көтеріліп келген. Себебі құқық теориясында басқару нысандары мемлекеттік билік органдарының, мемлекет басшысының, парламент пен үкіметтің ұйымдастырылуы мен өзара іс-қимылы арқылы айқындалады.
Республика – жоғарғы мемлекеттік билік органдары сайланбалы негізде құрылып, белгілі бір мерзімге өкілеттік алатын басқару нысаны (монархиядан айырмашылығы).
Республиканың үш түрі бар: парламенттік, президенттік және аралас. Қазақстан – Президент мемлекет басшысы әрі атқарушы биліктің жетекшісі болып табылатын президенттік республика. Бұл өзгеріс «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді.

3. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымын заңмен емес, конституциялық заңмен айқындау көзделеді.
Елде арнайы құқықтық режимдердің енгізілуі аумақтарды дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған экономикалық мүдделерге сай келеді.
Сонымен бірге бұл өзгерістердің әкімшілік-аумақтық құрылымға ықпал етуі мүмкін деген алаңдаушылықтардың алдын алу қажет. Осыған байланысты аталған мәселені реттейтін нормативтік құқықтық актінің деңгейі жоғарылатылып отыр.
Сонымен қатар осы бөлімде «Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны өзгермейді» деген норма бекітілді (бұрын ол қорытынды және өтпелі ережелерде көрсетілген болатын, бұл әдістемелік тұрғыдан дұрыс емес еді).

4. Қазақстан Республикасының қызметінің негізгі қағидаттары тұжырымдамалық тұрғыда қайта қаралып, іргелі негіздер ретінде бекітілді. Атап айтқанда:
– егемендік пен тәуелсіздікті қорғау;
– адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
– заңның үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз ету;
– жалпыұлттық бірлікті нығайту;
– халықтың әл-ауқатын арттыру;
– жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясын ілгерілету;
– қоғамдық диалогты дамыту;
– еңбекқорлық, прогресс пен білім құндылықтарын орнықтыру;
– жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру;
– тарихи-мәдени мұраны сақтау;
– ұлттық мәдениетті қолдау.
Сонымен қатар адами капиталды, білімді, ғылымды және инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылатыны бекітілді.

5. Конституцияда халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі ғана емес, сонымен қатар егемендіктің жалғыз иесі екені туралы ереженің бекітілуі конституциялық құрылыстың ішкі логикалық тұтастығын қамтамасыз ету және жария биліктің табиғатын бұрмалап түсіндіруге жол бермеу тұрғысынан ерекше маңызға ие.
«Халық – мемлекеттік биліктің қайнар көзі» деген формула биліктің пайда болу және легитимация тетігін көрсетеді, алайда егемендіктің кімге тиесілі екені туралы мәселені толық ашпайды.
Құқықтық табиғаты бойынша егемендік мемлекеттік билікті жүзеге асыру фактісімен ғана шектелмейді. Ол – мемлекеттің өкілеттіктері, жария билік құрылымы және оның шектері туындайтын бастапқы әрі құрылтайшылық қасиет.
Сондықтан егемендіктің иесі оны жүзеге асыру үшін құрылған субъектілермен теңестіріле алмайды. Мемлекет пен оның органдары дербес егемендікке ие болмайды, олар тек халық атынан қабылданған Конституция шеңберінде берілген егемен өкілеттіктерді жүзеге асырады.