Маңызды шешімдер қабылданды

Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы Ахат Құрмансейітовтің тізгін ұстауымен онлайн-режимде өткен өкілді органның кезектен тыс XLIII сессиясына аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек қатысты. Депутаттар мен мемлекеттік мекемелер басшыларының басым дені, сондай-ақ, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері байланысқа ZOOM платформасы арқылы қосылды.

Сессияның күн тәртібіне екі мәселе енгізіліп, қарастырылды. Олардың алғашқысы «Ұлытау аудандық мәслихатының 2024 жылғы 5 наурыздағы «Ұлытау ауданы бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы» №108 шешімінің күші жойылды деп тану туралы» (хабарламашы – Ұлытау ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова) болса, екіншісі «Ұлытау аудандық мәслихатының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі XXXV сессиясының «Ұлытау ауданының учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» №221 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» (хабарламашы – Ұлытау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметов) мәселе болды.
Мандат иелері аталған мәселелерді толыққанды зерделеген соң, оларға қатысты сессияның оң сипатты шешімдері қабылданды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.