Алдағы жұмыстар нақтыланды

Жақында мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітовтің тізгін ұстауымен өткен Ұлытау аудандық мәслихатының аппарат жиынында 2025 жылы атқарылған кешенді жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңде жүргізілуі тиіс қызмет ауқымы нақтыланды. Жоспарлы шараларды ілкімді түрде іске асырудың басты шарттылықтары айқындалды.

Өткен жылдың еншісінде қалған жұмыстарға қатысты мәслихат аппаратының басшысы Мақсат Ерназар хабарлама жасады. Ол өз сөзінде аппараттың әр қызметкерінің өзіне жүктелген функционалдық міндеттерін орындау деңгейіне назар аударды. Аппарат басшысы, сонымен қатар, биылғы жылы жоспарға енгізілген жұмыстардың атқарылу мерзімін атап өте отырып, оларды жүйелі түрде жүзеге асырудың жөн-жобасын қоса ұсынды.
Осы ретте күн тәртібіндегі мәселелерді жүйелі ұйымдастырудың тың тәсілдерін қарастырудың мейлінше маңызды талап болып қала беретінін қадап айтты. Төраға тілге тиек еткен талаптардың ішінде депутаттардың қоғамдық қабылдаулар өткізу сапасын одан әрі жетілдіру, депутаттық сауалдардың сауатты түзілуі мен оларға тиісті тараптардан берілетін жауаптардың мерзімінде түсуін бақылауда ұстау, әлеуметтік желіде белсенділік таныту, сондай-ақ, өздерінің қоғамдық көзқарастарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етіп отыруға машықтану, тұрақты комиссиялардың ықпалын бұрынғыдан да арттыра түсу, атқарушы биліктің әр деңгейлі буындарымен ортақ мүдделілік мәселесін негізге ала отырып, өзара тиімді әрекеттесуді одан әрі ширату және тағы да басқа маңызды жайттар болды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.