«Дулығалы» мешіті

Ұлытау тауларының батыс беткейіндегі сайын дала төсін қақ жарып, байыппен ағып жатқан үлкен өзен бар. Төбеден көз салсаңыз да, жағалап жүріп өтсеңіз де, оның кескін-келбеті еріксіз баһадүр батырдың дулығасын елестетеді. Төбесі доғалданып, кең жазықты кесіп өтіп, толқындатып ағатын бұл өзенді жергілікті тұрғындар ежелден «Дулығалы» деп атап кеткен. Бұл бейнебір алып батырдың басындағы дулыға секілді көрінетіндіктен, өзен атауы да ғасырлар бойы халық жадында солай қалыптасқан.

Дулығалы – жай ғана географиялық атау емес, бұл – Ұлытаудың қойнауындағы тұтас бір тарихи-рухани кеңістіктің аты. Аңыз бен ақиқат астасқан осы өзен бойында халқымыздың тағдырына қатысты талай айтулы оқиғалар өткен. Ел арасындағы деректерде Кейкі мен Аманкелді батырлардың балалық шағы да осы өңірде өткендігі айтылады. Сондықтан болар, бұл аймақ ежелден қасиетті саналып, жолы түскен жолаушы ат басын бұрмай кетпейтін киелі мекенге айналған. Сол рухани кеңістіктің жүрегінде – Дулығалы мешіті орналасқан. Ол Ұлытау ауданының орталығынан батысқа қарай шамамен 95 шақырым жерде бой көтерген. Жергілікті жұрт оны «Құлмұхамбет ишан мешіті» деп атайды. Бұл атау – жай ғана мешіт иесінің есімі емес, тұтас бір дәуірдің, елге қызмет еткен тұлғаның рухани мұрасы.
Мешіт тарихы Құлмұхамбет ишанның әкесі – Арыстанбай есімімен тығыз байланысты. Арыстанбай ел ішінде діни сауатты, аузы дуалы, парасатты, ел қамын ойлаған, сөзі өтімді ақсақал болған. Баласының бойындағы білімге деген ынтаны ерте аңғарып, алғашқы тәлім-тәрбиені өзі береді. Алайда, жас Құлмұхамбет әкесінен алған біліммен шектелмей, ілімді тереңдетуді мақсат етеді. Бұл ниетін әкесі де, ауыл ақсақалдары да құп көріп, жол қаражатын қамдап, оны Бұхара мен Самарқандқа саудагерлер керуенімен оқуға аттандырады. Ол кезде Бұхара мен Самарқанд күллі мұсылман әлемінің ірі діни-білім орталықтары еді. Құлмұхамбет араб еліндегі медреселерде ұзақ жылдар білім алып, Құранды толық меңгеріп, қари әрі ишан дәрежесіне жетеді. Ол бірқатар ірі мешіттерде қызмет атқарып, діни тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар, медицина, зергерлік, ұсталық, ағаш шеберлігі, құрылыс ісі секілді сан салалы өнерді қатар меңгереді. Жат жерде жүріп жиған рухани әрі кәсіби білімін өз еліне қызмет етуге арнауды басты мақсат етеді. Осылайша, туған топырағына он алты жылдан кейін Құлмұхамбет ишан атанып оралады.
Ауылдан шыққанда қолында дүние-мүлік емес, тек білім ғана болған Құлмұхамбет елге де сол қазынаны ала келеді. Ел аузындағы деректерге қарағанда, атағы алысқа жайылса да, ол байлық жинауды мақсат етпеген. Мал ұстап, дүние қумаған. Қолына түскен малды жәрмеңкеге шығарып, ақшасына кітап пен оқу құралдарын алдырған. Бар ғұмырын бала оқытуға, халықтың діни сауатын ашуға, мұсылмандықтың адал жолын түсіндіруге арнаған.
Құлмұхамбет ишан елге оралған соң мешіт-медресе салдырып, ағартушылық қызметке белсене кіріседі. Дулығалы мешітінің құрылысы 1902 жылы басталып, шамамен 1906 жылы аяқталған. Мешіттің жобасын Бұхара сәулет мектебінің үлгісімен тоғыз күмбезді етіп Құлмұхамбет ишанның өзі сызған. Құрылыс жұмысына да тікелей араласып, әр кірпіштің құйылуына, өрнектелуіне дейін жіті көңіл бөлген. Кірпіштің бетіне арабша жазу түсіріп, ою-өрнекпен әшекейлеуді басты назарда ұстаған. Кесек құятын қалыпты үш жыл бойы өзі шапқаны айтылады. Кірпіш күйдіретін пеш салуға да қатысып, отын ретінде тобылғы мен қамысты пайдаланған. Қалып дайын болысымен, уақыт оздырмай кірпіш құйып, оны бірден күйдіріп отырған. 1937–1938 жылдарға дейін мешіт бүтін сақталған. Алайда, кейінгі кезеңде кірпіштері колхоз құрылысына алынған. Құлмұхамбет ишан 1916 жылға дейін дүниеден өткен деген дерек бар. Оның игі ісін Абдрахман ишан, Бірмағамбет ишан секілді шәкірттері жалғастырған.
Бүгінде мешіттің қабырғалары мен мұнарасының бір бөлігі ғана сақталған, күмбезі құлаған. Құрылыстың нақты аяқталған жылы жөнінде екіұдай пікір бар: бір дерек 1904 жылды, екіншісі 1910 жылды көрсетеді. Мешіт әуелі шикі кірпіштен көтеріліп, кейін сырты қызыл қышпен қапталғаны анықталды. Құрылыста он түрлі оюлы қыш пайдаланылған. Кем дегенде отыз мыңдай қыш күйдірілгені белгілі болды. Қыш күйдіру Ұлытау өңірі үшін таңсық кәсіп емес. Алайда Құлмұхамбет ишан қолданған қыштың ерекшелігі – оның пресс-қалыптан өтуінде. Ал, дәстүрлі ұлытаулық қыш аударма қалыппен жасалған. Қыштың сапасы әлі күнге дейін сыр бермей, кеше ғана пештен шыққандай беріктігін сақтап тұр. Кеңес өкіметі кезінде қабырғаның ою-өрнекті қыштары бұзылып алынған. Консервациялық жұмыстар алдында жасалған жан-жақты сараптама мешіттің жобалық құжатын дайындауда үлкен рөл атқарды.
Құлмұхамбет ишан мешіттен кейін жиырма төрт бөлмелі медресе салдырады. Төбеге жабатын ағаш пен едендік тақтайды Аманқарағай мен Наурызымнан өгіз жеккен арбамен тасыған. Құрылыс 1920 жылы аяқталған. Оған дейін балалар мешіт ішінде білім алған. Құлмұхамбет ишанның кесенесі мен «қызыл үйі» – Дулығалының бір кездері тұтас рухани-мәдени кешен болғанын айқын дәлелдейді.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде де Дулығалы мешіті тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Ақ патшаның қазақтарды майданның қара жұмысына алу жөніндегі жарлығы халықтың ашу-ызасын туғызғаны белгілі. Алайда, Арқада Аманкелді Иманов бастаған сарбаздардың серттесіп, бір байламға келген жері дәл осы Дулығалы мешіті екенін екінің-бірі біле бермейді. Қазақ халқы алыс сапарға батасыз аттанбайтыны белгілі. Сол себепті көтеріліске аттанар алдында жұрт мешіт басына жиналып, құрбандық шалып, көтерілісшілерге ақ жол тілейді. Осы жиында Аманкелді Иманов қолбасшы-сардар ретінде танылған. Жиынға бірнеше болыстың игі жақсылары, сыйлы азаматтары мен атқамінерлері қатысқан.
Көтеріліс Торғай даласында жеті айға созылып, патша тақтан түскенше тоқтамаған. Кейбір деректер Аманкелді сарбаздарының саны елу мыңға жеткенін айғақтайды. Қайдауыл болысының қару ұстауға жарайтын ер-азаматтары алғаш рет «Әруақ!» деп ұрандап, дәл осы Дулығалыда бас қосқан. Құлмұхамбет ишан – Аманкелдінің түп нағашысы болған. Дінді құрметтеген, мұсылманша сауатты сардардың 1919 жылы Құран ұстап келген адамның сөзіне сеніп, тұтқынға түсуі де осы сенімнің салдары еді.
Осылайша, Дулығалы мешіті – тек сәулет ескерткіші ғана емес. Ол – Ұлытау төсіндегі руханияттың шамшырағы, білім мен иманның ордасы, ұлт-азаттық күрестің куәсі. Ғасырлар өтсе де, Дулығалы өзені мен мешіті қазақ тарихының үнсіз шежіресі ретінде ұрпақ жадында қала бермек.

Жасұлан АЯШЕВ,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының экскурсия жетекшісі.