Жемісті еңбекке лайықты марапат
Жыл қорытындысы аясында ауданның кәсіподақ бірлестігінде салтанатты жиын өтіп, онда өңірдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.

Жиынды «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы Мақсұт Оспанов ашып, аталған ұйымның қоғамдағы рөлін атап өтті.
– Биыл кәсіподақ қозғалысына 120 жыл толып отыр. Бұл мереке елімізде республикалық деңгейде атап өтілді. Бір қуанарлығы, кәсіподақ ұйымы жылдан-жылға елге қажетті құрылым екендігін дәлелдеп келеді. Өздеріңіз білесіздер, үстіміздегі жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны мәлім. Ал, еліміздегі жұмысшылардың құқықтарын қорғайтын, көмек көрсететін бірден-бір ұйым – ол кәсіподақ бірлестігі. Қазіргі уақытта мемлекеттік мекемелерде, шаруа қожалықтарында міндетті түрде ұжымдық шарт болу керектігі айтылып жүр. Ал, мұндай жағдай кәсіподақтар мен еңбек ұжымдары арасындағы байланысты күшейтеді әрі нығайтады, — деді филиал төрағасы. Сонымен қатар, бұл басқосуда кәсіподақ бірлестігінің бір жылда атқарған жұмыстарына талдау жасалынып, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстарының жоспары нақтыланды.
Бұдан соң, кезек марапаттау салтанатына берілді. Жыл бойы кәсіподақ ұйымының жұмысына үлес қосқаны үшін Татулы Бимағанбетов, Гүлнұр Досымова, Жанат Самсақова, Мадина Жұмабаева — салалық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды. Салтанатты шарадағы тағы бір ерекше марапат — «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісін табыстау болды. Бұл төсбелгіге «Өмірбеков» шаруа қожалығының басшысы Омарбек Өмірбеков, аудандық «Ulytau» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Қайрат Кенжекұлы лайықты деп танылды. Сондай-ақ, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Абзал Еділбаев, Ұлытау ауылының зейнеткері Мақсұт Смайылов, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Гүлсім Ахметова ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болды.
Жиын соңында «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы» ҚБ Ұлытау облысы бойынша өкілі Шаяхмет Үмбетов марапат иелерін құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
