Қаламыма қанат бітірген басылым
Алла Тағала адам анасының құрсағында жатқанда оның тағдырын маңдайына жазып қояды екен. Адам дүниеге келгеннен кейін сол Тәңірдің маңдайына жазғанымен жүреді. Халқымызда «Жазмыштан озмыш жоқ» деген қанатты сөз бар. Яғни, маңдайыңа не жазылды соны істейсің. Менің маңдайыма жазылған тағдыр журналист болу екен. Сексен алты жылдық өмірімнің алпыс жылы осы баспасөз саласында өтіп келеді.

1972 жылы Қарағанды облысынан бөлініп, Жезқазған облысы болды. Оншақты жылдай Ұлытау ауданы жабылып Жезді ауданына қосылған еді. Сол Ұлытау ауданы қайтадан ашылып, 1973 жылы аудандық «Ұлытау өңірі» газеті шықты. Оның редакторы талантты журналист Көбейсін Еңсебаев, жауапты хатшысы Батырбек Мырзабеков болды. Газет облыстық баспаханада теріліп, басылды. Мен осы газетке әдеби қызметкер болып келдім. Бір жылдан кейін партияға өтіп, редактордың орынбасары болып тағайындалдым. Көбейсін Еңсебаев екі жылдан кейін облыстық «Жезқазған туы» газетіне қызметке ауысып, редактор болып Ақтоғай аудандық газетінде жауапты хатшы болып қызмет атқарған жоғары білімді Төкен Оразбеков деген азамат келді. Ол 1977 жылға дейін қызмет істеп, жаңадан ашылған Приозерный ауданына редактор болып кетуіне байланысты мен редактор болып тағайындалдым. 2011 жылға дейін редактор болып қызмет атқарып, сол жылдан 2019 жылға дейін редактор орынбасары қызметін атқардым. 2019 жылдан бастап күні бүгінге дейін кеңесші қызметін атқарып келемін.
Талай түлектердің қаламын ұштап, қанатын қатайтып, биікке ұшырған қасиетті қарашаңырақ. Өзім қырық жылдай редактор болғанда отыздан астам кадрлар қызмет істеген екен. Бәрі де өсіп-кетіп отырды. Батырбек Мырзабеков аудандық кеңестің бөлім меңгерушісі, «Жезқазған туы» газетінде бөлім меңгерушісі, қазір Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ұлытау облысы бойынша Жазушылар одағының төрағасы, ақын, бірнеше кітаптың авторы. Еңбек жолын осы газеттен бастаған Нұрперзент Домбаев (марқұмда) аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, «Мысты өңір» газетінің редакторы болып қызметтер атқарды. «Ана тілі» газеті редакторының орынбасары болған. Осы газетте еңбек еткен Төкен Әлжанов жазушы Сәттар Ерубаев атындағы сыйлықтың иегері. Еңбек жолын «Ұлытау өңірі» газетінде бөлім меңгерушісі болып бастаған Елтынды Дүйсенбаев, аудандық кеңес атқару комитетінің бөлім бастығы, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, аудан әкімінің орынбасары, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы қызметтерін атқарып, 2011 жылы өзінің ұшқан ұясы «Ұлытау өңірі» газетінің редактор болып 6,7 жыл қызмет етті. Осы газетте күні бүгінге дейін еңбек еткен Ізтай Белгібаев «Сарыарқа», «Шарайна» газеттерінде қызмет атқарып өзінің талантының арқасында аймаққа белгілі журналист болды. Бұлардан басқа менің қарамағымда жауапты хатшы болып істеген Гүлдариға Сыздықова 30 жылдан астам жемісті еңбек етіп, 2015 жылы зейнеткерлікке шықты. Сонау «Жезқазған туы» газеттен, яғни 1987 жылдан бастап «Ұлытау өңірі» газетінде 40 жылдан астам корректор болып Әлия Әбітова зейнетке шыққанша қызмет атқарды. Сәуле Нүрекенова, Гүлнәр Сүйінбаева да ұлт ұясы – Ұлытаудан қанаттанды. Талантымен танылған журналистер Рахымжан Молдыбаев, Шахмаран Искаков екеуі де менің қарамағымда қызмет атқарды. Өткенге үңілсек, талай тарлан журналистеріміз мезгілсіз бақилық болып кетті. Олардың қатарында Асанәлі Тәліпов, Мақсұт Дүйсеков, Қуат Құдайбергенов, Ләззат Тортаева, Құрманжан Сламахунов, Батнияз Қалиевтар талантты азаматтар еді. Ажалға шара бар ма? Алла алдынан жарылқап, жандары жәннатта болсын!
Ол кезде қазіргідей компьютер жоқ. Барлық жұмыс адамның күшімен атқарылады. Материалдар машинкамен басылып, теруге жіберіледі. Бұл жұмысты көп жыл Әзина Бишенова жалғыз атқарып үлгеріп тұрды. Дегенмен, қиындау болғандықтан Тыныс Нысанбаеваны қосымша терімші қылып жұмысқа алдым. Екеуі қашан зейнеткерлікке шыққанша мінсіз қызмет етті. Қазір ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерін сүйіп, тәрбиелеп отырған абыз әжелер. Есепші Пәтима Құлынбаева, іс-қағаздарын жүргізуші Айгүл Исабаевалардың редакцияда қызмет атқарғандарына да ширек ғасырдан астам уақыт болды. Кезінде редакцияда бас есепші болып еңбек еткен Орынбасар Дүйсебекова, Есенкүл Орынбаева, Лиза Шыныбековалар қызмет істеді.
Иә, Аллаға мың шүкірлік. Менің қарамағымда қызмет атқарғандардың бірде-біреуі төмендеп кеткен жоқ, бәрі биіктеп кетті. Бұл Тәңірдің берген абыройы шығар. Ал 1980 жылдан бастап газеттен байланыс үзбеген жоғары білімді мұғалім Қайрат Жұмабаев 2015 жылдан бері осы газетте әдеби қызметкер, жауапты хатшы болып, қазірде осы газет редакторының орынбасары әрі редактор міндетін атқарушы болып қызмет істейді. Осы газетте еңбек жолын бастаған Таңат Ысқақов «Дидар» телеарнасында қызмет етіп, кейіннен облыстық қоғамдық даму басқармасына қызметке ауысты. Бүгінде жоғары білімді маман Альмира Оспан газет жұмысының жандануына үлкен үлес қосып келеді. Оның еңбегін айрықша атап өтуге тұрарлық. Өйткені мамандығын жан-жақты терең меңгерген кадр. Қазірде аудандық газеттің редакторы. Сондай-ақ, Жасұлан Аяшев та фототілші болып жемісті еңбек етті. Ол да жап-жақсы мақалалар жазып жүр.
Иә, 1967 жылы баспасөзге қызметке келіп едім, міне күні бүгінге дейін осы құтты мешітханада қызмет істеп келемін.
Мамандығым журналистік-тілшілік,
Көз алдымнан жатады өрбіп тіршілік.
Қуанамын жақсылықты көргенде,
Жамандықтан тұрар денем түршігіп.
Туған жердің орманында жайқалған,
Сынбаса екен деп тілеймін бір шыбық
Шарладым мен Сарыарқаның өңірін
Баспасөзде өтті алпыс жыл өмірім.
Бұл баспасөз болды үлкен ұстазым
Алдым одан көп тәрбие, көп ілім
Тұрмайды өмір бірқалыпты көктем боп,
Өтпейді адам тағдырына өктем боп.
Қалтқысыз қызмет еттім халқыма,
Алпыс жылым менің босқа өткен жоқ.
Сексен алты жасқа келіп отырмын
О,Тоба! Өміріме өкпем жоқ.
Тәуелсіздік болсын мәңгі заман нық,
Көрсетпесін Алла елге жамандық.
Қас қағымдық мынау қысқа өмірде,
Жан біткенге тілейікші амандық!
Мен әр шаңыраққа шаттық, ырыс-береке, елге бірлік, бейбітшілік, бақыт тілеймін!
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Құрмет» орденінің иегері.
