Білім саласына көрсетілген қолдау – болашаққа сенім
Ұлытау ауданы әкімінің қолдауымен және демеушілік қаражат есебінен аудан аумағында «Ұстаздарға тағзым» атты шағын архитектуралық форма орнатылды. Бұл нысан – саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаздар қауымына шынайы құрметтің көрінісі.

Аталған шараға аудан әкімі Аманжол Мырзабеков қатысып, қауымды құттықтады. Салтанатты рәсім барысында шағын аллеяның лентасы қиылып, нысан көпшілікке ресми түрде таныстырылды.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Борсеңгір және Қоскөл мектептеріне JAC маркалы автокөліктердің кілттері табысталды. Бұл автокөліктер мектептердің күнделікті жұмысын жеңілдетіп, білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған бастамалар білім саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір көрінісі болып табылады және алдағы уақытта да осындай игі істер жалғасатынына сенім мол. Білім саласына жасалған әрбір қолдау – ел болашағына салынған берік негіз.
Айта кететін жағдай, биылғы жылы демеушілер есебінен Тасбұлақ алаңы абаттандырылып, Байқоңыр мен Қоскөл ауылдарына LED экрандар орнатылды. Шеңбер ауылында балаларға арналған шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Сонымен қатар Шұбаркөл мен Қияқты көмір өндіру компаниялары аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмір жеткізді.
Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
