Округ әкімі таныстырылды
Жуырда өткен ауыл әкімінің сайлауында Мибұлақ ауылдық округінің әкімі болып Сағындық Мұхамедиұлы Дәндібаев сайланды. Бұл шешім Ұлытау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылғы 14 желтоқсандағы №27 қаулысына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сәйкес қабылданды.

Жаңа әкімді Мибұлақ ауылының тұрғындарына аудан әкімі Аманжол Мырзабеков пен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметов таныстырды. Кездесу барысында аудан басшысы ауылды дамыту жолындағы жауапты қызметке кіріскен әкімге сәттілік тілеп, ел игілігі жолындағы жұмысына табыс тіледі.
Сағындық Дәндібаев 1969 жылғы 23 ақпанда Ұлытау ауданының Мибұлақ ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. 1993 жылы Қарағанды облысы Жезқазған қаласындағы педагогикалық институтты тәмамдап, жоғары білім алған. Мамандығы – жалпы техникалық пәндер және еңбек, қосымша кәсіптік бағдар.
Еңбек жолын 1993 жылы №9 Мибұлақ орта мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейінгі жылдары №18 Мибұлақ орта мектебінде түрлі жауапты қызметтер атқарып, сыныптан тыс ұйымдастырушы, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 2014–2021 жылдары №18 Мибұлақ орта мектебінің директоры қызметін атқарды. 2021–2024 жылдары Мибұлақ ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істеді. Жалпы еңбек өтілі – 28 жылдан астам.
Қазіргі уақытта Сағындық Дәндібаев Мибұлақ ауылдық округінің әкімі қызметіне ресми түрде кірісіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.
