Облыстық әкелер форумы өтті
Ұлытау облысында отбасы институтын нығайтуға және әкенің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған Облыстық әкелер форумы өтті. Маңызды басқосу отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамыту, ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігін арттыру мәселелерін кеңінен талқылауға арналды.

Іс-шара Ұлытау облысы әкімінің орынбасары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Зина Ақылбекованың қолдауымен ұйымдастырылды. Форум барысында отбасылық саясатты жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызы атап өтіліп, әкенің тұлғалық және тәрбиелік әлеуетін арттыру мәселелері күн тәртібіне қойылды.
Жиынға қатысқан спикерлер қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптарға тоқталып, бала тәрбиесіндегі заманауи тәсілдер, әке мен отбасының өзара байланысы, жауапкершілікті әкелік тәрбиені қалыптастыру жолдары жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады.
Форум аясында Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет, Ұлытау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Жасұлан Достияров, облыстық көпсалалы аурухананың дәрігер-урологы Жахонгир Хошимов, Ұлытау облысы Қорғаныс істері департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Ербол Өткелбаев, облыстық білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ директорының орынбасары Інжутас Байзақова, Сәтбаев қаласы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Баянбекова, Сәтбаев қаласындағы Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан Кенжебаева сөз сөйлеп, кәсіби әрі өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Баяндамаларда бала құқығын қорғау, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, әкенің психологиялық, тәрбиелік және азаматтық жауапкершілігін арттыру мәселелері кеңінен қозғалды.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар облыс көлемінде әкелер қозғалысын дамытуға, әкелердің қоғам өміріне белсенді араласуын арттыруға, сондай-ақ отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар қабылдады.
Облыстық әкелер форумы – ұрпақ тәрбиесінде әкенің рөлін күшейтуге бағытталған маңызды қоғамдық алаң ретінде өз жұмысын нәтижелі қорытындылады.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.
