Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау форматы өзгерді

Қазақстанда білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу жүйесі жаңарып, оның мазмұны түбегейлі өзгерді. Бұдан былай аттестаттау бақылау шарасы ретінде емес, оқу орындарындағы білім сапасын, қолжетімділігін және мемлекеттік стандартқа сәйкестігін кешенді бағалайтын тетік ретінде жүзеге асырылады.

«Білім беру ұйымдарын аттестаттау – білім сапасы мен қолжетімділігін бағалауға, сондай-ақ мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарына сәйкестігін айқындауға бағытталуда. Мұндағы мақсат білім беру ұйымдарының жұмыс тиімділігін арттыру мен оқу процесін жетілдіру болып табылады», – дейді Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров.