Еңбек нарығындағы жаңа дәуір: жасанды интеллект пен Қазақстанның кадр тапшылығы  

Бүгінгі технологиялық әлемде жасанды интеллект (ЖИ) пен автоматтандыру дамуы бұрын-соңды болмаған қарқынмен өршіп келеді. Әлемдік еңбек нарығы түбегейлі өзгерістердің қарсаңында тұр. Бір жағынан — мамандықтардың жойылу қаупі, екінші жағынан — жаңа мүмкіндіктер мен кәсіби бағыттардың пайда болуы. Осы орайда Қазақстанның жағдайы да назар аударуды қажет етеді.

Жаһандық сын: қандай мамандықтар жойылуы мүмкін?

Microsoft компаниясы жүргізген соңғы зерттеулерге сүйенсек, қызмет көрсету, сату, клиенттермен жұмыс, кеңселік және әкімшілік қызметтер жасанды интеллект ықпалына ең осал салалар қатарына енгізіліп отыр. Осы қатарға ақпараттық технологиялар, математика, тіпті медиа, өнер мен ойын-сауық та қосылған.

Бұған себеп – автоматтандырудың дамуы мен генеративті модельдердің (соның ішінде ChatGPT сияқты) кәсіби деңгейде мәтін жазу, аударма жасау, сценарий құрастыру қабілетінің артуы. Мәселен, әлемдік мәтіндік трафиктің 81% үлесі ChatGPT еншісінде екенін ескерсек, жазушылар мен журналистерге де бәсеке күшейе түспек.

Орнын басуы қиын мамандықтар

Алайда бұл өзгерістердің бәрі тұтас еңбек нарығын шайқап жібермейді. Денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп, құрылыс, тау-кен өндірісі мен техникалық қызмет көрсету салалары әлі де адам еңбегіне тәуелді.

Роботтар мен алгоритмдер адам қолының икемі мен интеллектуалды шешімдерге толықтай балама бола алмайтыны анық.

Қазақстанға тән ерекшелік: AI емес, кадр жетіспеушілігі алаңдатады

Жасанды зерденің дамуы әлем елдерін алаңдатып жатқанда, Қазақстанда жағдай басқаша. Бізде автоматтандыру емес, керісінше кадр тапшылығы басты мәселе болып тұр.

2024 жылғы ресми деректерге сәйкес, елімізге 3,9 мың дәрігер, 2,8 мың мұғалім, сондай-ақ 1,8 миллион техниктер мен білікті жұмысшылар қажет екені анықталған.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, 2024–2030 жылдар аралығында елімізге ең көп маман қажет болатын салалар мыналар:

  • білім беру – 331 мың,
  • сауда – 228 мың,
  • құрылыс – 213 мың,
  • денсаулық сақтау – 128 мың,
  • ауыл шаруашылығы – 114 мың.

Қазақстанда жасанды интеллектіні жаппай енгізу әлі де экономикалық және технологиялық қиындықтарға толы. Роботтандыру мен автоматтандыру үдерістері қымбат әрі күрделі. Сондықтан бұл өзгерістерге дайындық баяу жүруде.

Технофобия ма, әлде нақты қауіп пе?

Көпшілік ойындағы басты қауіп: «ЖИ дамыса, жұмыссыздық артады». Бірақ сарапшылар бұған келісе бермейді.

Робототехника маманы Ғизат Махановтың пікірінше, автоматтандыру өндіріс өнімін арзандатып, нарықтағы экономикалық белсенділікке жол ашады. Жаңа жұмыс орындары пайда болып, халық өз қаражатын басқа салаларға жұмсай бастайды.

Жапония мен Оңтүстік Корея тәжірибесі осыны дәлелдейді. Роботтар белсенді қолданылғанымен, мамандарға сұраныс азайған жоқ. Қайта жаңа бағыттар мен жаңа қажеттіліктер туындауда. Қазірдің өзінде Оңтүстік Кореяда он мыңдаған қазақстандық еңбек етіп жүр.

Жаңа кезең: цифрлық дипломатияға дейінгі жол

Технологияның дамуы тек еңбек нарығын ғана емес, халықаралық қатынастарды да өзгертуде. Жаһандық деңгейде «цифрлық дипломатия» ұғымы қалыптасты. Яғни мемлекеттердің қарым-қатынасы енді виртуалды кеңістік арқылы да жүзеге асуы мүмкін.

Түйін

Сайып келгенде, жасанды интеллект – сын да, мүмкіндік те. Бір жағынан ол қарапайым және шығармашылық еңбекке қауіп төндірсе, екінші жағынан алғашқы боп бейімделген мамандар үшін жаңа жол ашады.

Қазақстан осы өзгерістерге дайын болуы тиіс. Ол үшін:

  • кадр дайындау,
  • цифрлық білім беру,
  • өндіріске жаңа технология енгізу

сияқты мәселелер күн тәртібінен түспеуі керек.

Жасанды интеллектіні тек қауіп деп емес, үйренетін, бейімделетін құрал ретінде қабылдау – заман талабы. Еңбек нарығы өзгеріп жатыр, енді осы өзгерісті дұрыс пайдаланып, оны ел игілігіне жарату қажет.

Ғаламтор ақпараттары негізінде әзірлеген
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.