Құқықтық мәдениет – әділетті қоғам кепілі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында әділетті Қазақстан құрудың негізгі шарты – заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын арттыру екенін үнемі атап өтеді. Осы бағытта елімізде мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық диалогқа негізделген түрлі іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

Осындай маңызды бастаманың бірі – Ұлытау аудандық әкімдігінде Ұлытау облысы Әділет департаментінің бастамасымен өткен «Ашық есік күні» іс-шарасы болды. Кездесуге Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков пен Ұлытау облыстық Әділет департаментінің басшысы Азамат Айнабеков қатысты.
АЗАМАТТАРҒА АШЫҚ КЕҢЕС,
НАҚТЫ КӨМЕК
Шара аясында аудан тұрғындарына арналған жеке қабылдау ұйымдастырылып, келушілер өздерін толғандырған мәселелер бойынша сала мамандарынан тікелей кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Әділет органдарының және жергілікті атқарушы құрылымдардың мамандары азаматтардың жер қатынастары, тұрғын үй, неке және отбасы, әлеуметтік және еңбек құқықтары сияқты күнделікті өмірмен тығыз байланысты сұрақтарына жауап беріп, құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар арасында жер телімдерін рәсімдеу, тұрғын үйге қатысты құжаттарды заңдастыру, еңбек шарттарын реттеу, азаматтық некедегі қатынастарды құқықтық тұрғыда бекіту секілді өзекті мәселелер көтерілді. Әділет саласының мамандары нақты мысалдар келтіре отырып, заң шеңберінде шешу жолдарын түсіндірді.
ҚОҒАМ МЕН БИЛІК АРАСЫНДАҒЫ
АШЫҚ ДИАЛОГ
Шара барысында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков пен облыстық Әділет департаментінің басшысы Азамат Айнабеков тұрғындармен пікір алмасып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет пен қоғамның өзара сенімін арттырудың бірден-бір жолы –
ашықтық пен әділдік. Әр азамат өз құқығын біліп, заңды қорғау тетіктерін пайдалана білсе, қоғамда тұрақтылық пен әділет орнайды, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Ал, Азамат Айнабеков өз кезегінде әділет органдарының басты мақсаты – құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заң нормаларын халық арасында кеңінен түсіндіру екенін айтты.
– Азаматтардың құқықтық сауаттылығы – құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді құралы. Біз әр өңірде осындай ашық іс-шаралар өткізіп, тұрғындармен бетпе-бет сөйлесуге, олардың мәселесін тыңдауға басымдық береміз», – деді ол.
ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ –
ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ ТІРЕГІ
«Ашық есік күні» – жай ғана кездесу емес, бұл азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы сенім көпірі. Мұндай форматтағы іс-шаралар құқықтық мемлекет қағидатын нығайтып қана қоймай, қоғам мүшелерінің белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.
Іс-шара соңында тұрғындар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің жиі өткізіліп тұруының маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, шараның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын арттыру, «Заң және тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру.
Ұлытау өңірінде құқықтық түсіндіру және ашық диалог мәдениетін дамыту – әділетті қоғамға бастар маңызды қадам.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
