Ақжар – ұлттық туризмнің алтын қақпасы

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында туризмді дамытуға ерекше назар аударылды. Президент еліміздің табиғи, мәдени және тарихи әлеуетін тиімді пайдалану арқылы туризмді ішкі және халықаралық деңгейде кеңейту керек екенін, соның ішінде туристік кластерлерді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, инвестиция тарту және табиғатты қорғау шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.

Әлемнің әр түкпірінде табиғаттың қайталанбас ғажайыптары бар. Олардың әрқайсысы өзіндік болмысымен ерекшеленіп, адамзатқа ой салады. Қазақстан топырағында да сондай сырлы мекендер жетерлік. Соның бірі – Ұлытау жеріндегі Ақжар борлы таулары. Ақжар секілді ерекше табиғи аймақтар облыс туризміне ғана емес, бүкіл Қазақстанның туристік имиджін көтеруге үлкен үлес қоса алады. Ақжар – табиғаттың сырын, даланың әсемдігін, ұлттық рухымызды көзбен көрінетіндей етіп жеткізетін мекен. Тек көру мен тамсанумен шектелмей, оны сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа аманат ету – бізге жүктелген жауапкершілік.
Ақжардың борлы жоталары алыстан көз тартқан әсем сурет секілді. Қызғылт, қоңыр, сарғыш түстердің үйлесімі күн сәулесіне қарай мың құбылып, жан-жаққа сәуле шашады. Әсіресе таңертеңгі және кешкі мезгілде тау қыртыстарының түсі өзгеше реңк алып, аспанмен астасқандай әсер қалдырады. Туристер үшін мұндай көрініс тек табиғи әсемдік қана емес, ерекше эмоциялық тәжірибе. Дәл осы ерекшелігі үшін Ақжар «Қазақ жерінің Марсы» аталып жүр.
Ұлытау – ежелгі тарихымен ғана емес, табиғи келбетімен де туристерді қызықтыратын аймақ. Ақжардың ашылуы туризмнің жаңа бағытын айқындап отыр. Бұған дейін өңірге келушілер негізінен тарихи-рухани орындарға – Жошы хан, Алаша хан кесенелері мен Ұлытау баурайындағы киелі мекендерге беттейтін. Енді бұл сапарлар табиғи туризммен ұштасып, туристік маршруттардың ауқымы кеңеюде. Бұл – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретін фактор.
Қазақстанның ішкі туризмінде табиғи объектілерге сұраныс жылдан жылға артып келеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ерекше табиғи аймақтар туризмнің драйверіне айналып, жергілікті халықтың табысын арттыруға септігін тигізеді. Ақжар да сондай әлеуетке ие. Экономикалық тұрғыдан айтсақ, туристік инфрақұрылым (жол, қонақүй, сервистік қызмет) дамыса, жергілікті кәсіпкерліктің өрісін кеңейтеді. Ал, әлеуметтік тұрғыдан келсек, жаңа жұмыс орындары ашылып, жастардың туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік туады. Сондай-ақ оның мәдени мүмкіндігі де ерен. Ұлытаудың тарихы мен табиғаты қатар насихатталып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жаңа алаңы қалыптасады.
Дегенмен, туризмнің дамуы тек тиімді пайда түсіріп қана қоймай, үлкен жауапкершілік те жүктейді. Әлемде табиғи аймақтарға туристердің көптеп келуі экожүйеге зиянын тигізген мысалдар да баршылық. Сондықтан Ақжарға бағытталған туризм ең алдымен экологиялық жауапкершілікке сүйенуі тиіс. Табиғатты бүлдірмей, оны қорғап, сақтай отырып пайдалану – басты қағида болуы қажет.
Ақжар – тек көруге, таңдануға немесе суретке түсуге арналған мекен емес. Ол – Ұлытаудың, тұтастай алғанда қазақ даласының табиғи байлығы, болашақ ұрпаққа қалатын аманаты. Әрбір келген қонақ осы мекеннен рухани қуат алып қана қоймай, табиғатты қорғауға үлес қосса, оның шынайы құндылығы ашылады.
Қысқасы, Ақжар борлы таулары – ұлттық туризмнің жаңа брендіне айналатын алтын қақпа.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.