Маңызды мәселелер сөз болды
Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабековтың төрағалығымен аудан әкімдігінде кеңейтілген аппарат жиыны өтті. Жиында екі негізгі мәселе – «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары және биылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысы қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Ғалым Қойшыбаев баяндама жасады. Ол өз сөзінде табиғатты қорғау, туризмді дамыту және экологиялық ағартушылық бағыттарында атқарылған жұмыстарға тоқталып, ұлттық парктің алдағы кезеңдегі жоспарын таныстырды. Аудан басшысы туризм саласындағы қызметтердің төлемақы тарифтері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды.
Келесі мәселе – биыл елімізде өтетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысы болды. Бұл жөнінде аудандық статистика бөлімінің басшысы Елдос Әбдірайым хабарлама жасап, 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында
Қазақстан Республикасы бойынша өтетін санақ туралы мәлімет беріп, оның маңыздылығына тоқталды. Ауылдық округтер мен кент әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, тиісті бөлімдерге хаттама арқылы міндеттер белгіленді.
Жиын соңында аудан әкімі барлық тапсырмалардың орындалу барысы тікелей өзінің бақылауында болатынын атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.