Еңбек адамы – ел тірегі
Еңбек адамы – адамзат өркениетінің негізін қалаушы, өмірдің нағыз тірегі. Ол ешқашан даңқ пен атаққа ұмтылмайды, бірақ оның жасаған ісі әрқашан үлкен құрметке лайық. Маңдайдан аққан тер, қажымас қайрат пен табандылық – еңбек адамының басты ерекшелігі. Олар таңның атысынан күннің батысына дейін аянбай жұмыс істеп, өз еңбегімен қоғамды алға жетелейді.
Адал еңбектің арқасында ғана өмір мәнді болады. Өйткені еңбек тек материалдық құндылық емес, ол – рухани байлық. Нағыз еңбек адамы өз кәсібіне адал, өз ісіне берілген. Ол қиындықтардан қашпайды, қайта оларды жеңе жүріп шыңдалады. Осындай адамдардың арқасында ауыл гүлденеді, қала көркейеді, мемлекет дамиды.
Еңбек адамын бағалау – олардың еңбегіне деген үлкен құрметтің белгісі. Себебі олар – бүгінгі жетістіктің, ертеңгі тұрақтылықтың кепілі. Еңбекқорлық – кез келген ұлттың ұлы қасиеті. Қазақ халқы «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтпаған. Бұл – еңбектің қадірін білген халықтың жүрегінен шыққан сөз.
Нұргүл БАЙҚОНЫСОВА,
Қарсақбай кентінің тұрғыны.