Ауылдардың инфрақұрылымы – назарда

Өткен аптада өңір басшысы Дастан РЫСПЕКОВ Ұлытау ауданына қарасты Байқоңыр және Қоскөл ауылдарына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысты.

Сапар барысында өңір басшысы Қарсақбай–Байқоңыр бағытындағы облыстық маңызы бар автожолдың орташа жөндеу жұмыстарына тоқталып, мердігер ұйым өкілдеріне жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қатаң тапсырды.
Сонымен қатар, аталған жолмен үнемі қатынайтын жүк көліктерінің құрылыс процесіне кедергі келтірмеуіне қатысты нақты шаралар қабылдауды жүктеді.
Байқоңыр ауылында жаңадан салынған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі бұл нысанның ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтіп, болашақта келетін медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамту мәселесін қарастыру қажеттігін айтты.
Өңір басшысы сапар аясында ауылдағы жалпы білім беретін мектеп пен балабақшаның жұмысымен танысып, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, артық шығындарға жол бермеу, нысандарды ұқыпты ұстау, сондай-ақ уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Білім мекемесінің материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен нығайту қажеттігі де айтылды.
Байқоңыр–Қоскөл бағытындағы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аумақтарға арнайы барған облыс әкімі қалпына келтіру жұмыстарын мұқият бақылауға алып, алдағы көктемге жан-жақты дайындық жүргізуді жауапты сала өкілдеріне міндеттеді.
Одан кейін Қоскөл ауылындағы сапары барысында Дастан Рыспеков ауыл тұрғындары және жергілікті қауымдастық мүшелерімен кездесу өткізіп, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесуде жол сапасы, электр қуатындағы үзілістер сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Облыс әкімі барлық ұсыныстар мен шағымдардың назарға алынып, жауапты органдар тарапынан бақылауда болатынын жеткізді.
Қоскөл ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт пен жалпы білім беретін мектеп нысандарымен де танысқан өңір басшысы қалған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің материалдық базасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет екенін атап өтті.
Ауыл-аймақты аралаған жұмыс сапары кезінде облыс әкімі халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ауыл инфрақұрылымын дамыту, және әлеуметтік қолдау шараларын тиімді жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Мұндай жүйелі бақылау мен нақты тапсырмалар — ауылдың өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсартудың басты кепілі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.