Жедел жәрдем көлігін табыс етті
Аптаның басында аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ Қоскөл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды аудан əкімінің баспасөз қызметі. Əкім алдымен ауыл ішін аралап, фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысымен танысты жəне «Ащысай» аумағында қалыпқа келтірілген автокөлік көпірін көрді.
Халықпен кездесу барысында Аманжол Батырбекұлы облыс көлемінде жəне Ұлытау ауданында түрлі салада атқарылған жұмыстарды баяндалып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан сұрақтар қойылып, шешу жолдары талқыланды. Ауыл тұрғындарын толғандырған мəселелер ауыз су, ұялы байланыс, электр жарығы сынды мəселелер болды. Аудан əкімі бұл мəселелердің кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Өз кезегінде Аманжол Батырбекұлы ауылды көркейту-көгалдандыру, жабық спорт ғимаратын салу, ауылға қажетті мамандарды тартуды ұйымдастыру бүгінгі күннің басты міндеті екенін айта келіп, оны жүзеге асыруды ауыл əкіміне тапсырды.
Аудан əкімінің қоскөлдіктермен кездесуі қуанышты жаңалықпен қорытындыланды. Ауылда жедел жəрдем көлігінің жоқтығы жиын сайын айтылып жүретін еді. Көп жылдан бері шешімі табылмай келген осы мəселенің түйіні ақыры тарқатылды. Тұрғындармен кездесу соңында Аманжол Мырзабеков ақжелеңділерге жедел жəрдем көлігінің кілтін табыстап, ауыл халқын үлкен қуанышқа кенелтті.
– Жедел жəрдем қызметінің басты мақсаты – адам өмірін сақтап, дер кезінде көмек көрсету. Тосын жағдайларға тап болып, зардап шеккен тұрғындарға жылдам көмек беру медицина қызметкерлерінің басты ұстанымы. Бұл ретте сала мамандары үшін заманауи үлгідегі автокөліктің қажеттілігі бар. Тұрғындардың талап-тілектерін ескере келе, заманауи үлгідегі жедел жəрдем көлігі табысталып отыр. Бұл өз кезегінде ауыл халқының денсаулығын қорғауға үлкен əсерін тигізеді. Сондықтан бюджет есебінен қаржы бөлген облыс басшылығына алғыс айтамын – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Қоскөл ауылдық округінде өткен жиында аудан əкімінің есебін мұқият тыңдаған ауыл тұрғындары бірлікпен жасалған істерге дəн риза екендіктерін айтып, алғыс білдірді.
Кездесу соңында Аманжол Мырзабеков ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.