МЕЗГІЛ МӘСЕЛЕСІ – ЖИЫН ӨЗЕГІ

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Күн тәртібіндегі мәселелерге көшпес бұрын өңір басшысы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті Ұлытау облысы бойынша департаментінің және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшыларын таныстырды.

Жиында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыс аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары және жаңа жыл қарсаңындағы қауіпсіздік ережелері туралы мәселелер қаралды.

Алғашқы сұрақ бойынша кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ғазиз Төлеуов баяндама жасады. Өңір басшысы өз кезегінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекеттік қолдау шараларын «Атамекен» палатасымен бірлескен түрде насихаттауды күшейтуді, «Даму» қорымен бірге импортты төмендетіп, керісінше ішкі нарықты өңірлік тауарлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жобаларды қолдауды тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі алты облыспен шекаралас мүмкіндігімізді пайдаланып транзиттік және туристік әлеуетті жақсартудың маңызын атап өтті.

Облыс аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына қатысты Ұлытау облысының әкімі мал қорымдары мен сібір жарасы көмінділерін талапқа сай болуын қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді.

Кеңесте қаралған үшінші мәселеге қатысты облыс әкімі алдағы мереке күндеріндегі қауіпсіздікті қазірден қамтамасыз ету шараларын қолға алуды міндеттеді. Бұл ретте өңір басшысы заңсыз сатылып жатқан пиротехникалық заттарды анықтау бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастыруды, түсіндіру және сақтық шаралары жұмыстарын күшейтуді, шыршалардың, декорациялардың, жарықтандыру және электр сымдарының қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.