«Ғылым көкжиегіндегі дара тұлғалар»

Жақында Жезқазған қаласы асқақ рухтың құшағында тербелді. Облыс орталығының қақ төрінде «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи қорық-музейінің ұйымдастыруымен Ұлт перзенті, қазақтың тұңғыш академигі Қаныш СƏТБАЕВТЫҢ 125 жылдығына, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы Əлкей МАРҒҰЛАННЫҢ 120 жылдығына арналған «Ғылым көкжиегіндегі дара тұлғалар» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Маңызды шараға республикаға танымал тарихшылар, өлкетанушылар жəне музей қызметкерлері қатысып, аталған тақырып аясында орамды ой толғап, салмақты əңгіме өрбітті.

Дөңгелек үстел жұмысын «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи қорық-музейінің директоры Əлібек Күзербаев жүргізіп, бұл басқосу Қаныш Сəтбаев пен Əлкей Марғұланның мерейтойларына орай, республикалық деңгейде өткізіліп отырған мазмұнды шара екенін айтты.
Бұдан кейін жиынға қатысушылар ғылыми-танымдық шараны толғамды оймен өрбітті. Дөңгелек үстел басында Əлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жолдасбек Құрманқұлов, Қаныш Сəтбаев атындағы Баянауыл мемориалдық музейінің директоры Қайыркелді Əбілғазин, Астана қаласындағы №40 мектеп-лицейінің Əлкей Марғұлан атындағы мемориалдық музейінің жетекшісі Сəуле Байдрахманова, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанынан құрылған «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Мəкен Төрегелдин атындағы Жезді кентінің тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейінің директоры Зейпін Қазанбаева, оқушы кезінде Əлкей Марғұланға хат жазған ұлытаулық азамат Мақсұт Ахметов сөз сөйлеп, өрелі сөздің өрісін кеңейтті. Олар əлемге танымал ғұлама ғалымдардың ғылыми еңбегін, кісілік болмысын, адами қасиетін, қайраткерлік келбетін тың деректермен аша түсті. Сондай-ақ, іс-шара барысында дөңгелек үстелге онлайн форматында қатысқан академик Əлкей Марғұланның қызы Данел Марғұлан мен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Ұлжан Ахметова да ұлы тұлғалар жайлы əңгімені əріден қозғап, қызықты естеліктерімен бөлісті.

Келесі кезекте ұйымдастырушы тарап Қаныш Сəтбаев пен Əлкей Марғұланға арналған көрмені көпшілік назарына ұсынды. Көрмеге Жезқазған-Ұлытау аймағынан жинақталған экспонаттар қойылды. Сонымен қатар, Қаныш Сəтбаев пен Əлкей Марғұланның біз біле бермейтін қолжазбалары, фотосуреттері, киген киімдері, басқа да құнды деректерден сыр шертетін жəдігерлер қойылған. Бұл көрменің өз мəнінде өтуіне Жезқазған, Жезді, Ұлытау музейлерінің қызметкерлері атсалысты.
Қорыта айтқанда, сол күнгі іс-шара маңыздылығымен ерекшеленді. Мəнді басқосуда музей басшысы Əлібек Күзербаев Қазақстанның түкпір-түкпірінен «ат арытып» келген ғылыми топқа ұлытаулықтар атынан алғыс айтып, еңбектеріне сəттілік тіледі. Өз кезегінде алыс-жақыннан келген меймандар да музей ұжымына ризашылықтарын білдірді. Жалпы айтқанда, бұл басқосу бұрынғыдан өзгеше, жаңаша форматта өтті. Сонысымен жоғары бағаланды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.